
Қаламыздың өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері мен тынымсыз тірлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің берекесі. Әсіресе, ел экономикасының күре тамыры - мұнай-газ саласында күндіз-түні еңбек етіп жүрген азаматтар –өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Президент мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау сөзінде: «Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Мен әр сөзімде осы мәселеге ерекше мән беремін. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз елімізде жұмысшы мамандарын кеңінен дәріптеп, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатырмыз»,- деген болатын. Президент айтқандай бүгінгі таңда еңбек адамдары – қоғамның айнасы мен тұлғасына айналып отыр.
Еңбекқорлық, тұрақтылық, білікті маман – отбасы мүшелері мен қоғамға үлгі болатын алам бойындағы ең жақсы асыл қасиеттердің бірі. Арамызда әулеттің бірнеше мүшесі бір салада табан аудармай қызмет етіп келе жатқан еңбек династиялары жетерлік. Солардың бірі – Бахиевтер отбасы. Шымкеттегі мұнай өңдеу зауытында еңбек етіп жүрген әулеттің 4 мүшесі қаламыздың, зауыттың мақтаныштары. Олардың жалпы еңбек өтілі 60 жылдан асады. Бахиевтер ата, әке, бала династиясын жалғастырған отбасы.
Бақытжан Бахиев «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС-да мұнай өнімдерін есепке алу жөніндегі техник қызметін атқарады. Жұмыс өтілі 41 жыл болған жұмысшы ардагер 2023 жылы «Еңбек жолы» конкурсында жеңімпаз атанған. Бақытжан Ағабекұлы 1961 жылы Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шаян ауылында туған. Ол кезде Шымкентте екі ғана қазақ мектебі болған. Бақытжан аға сол екі оқу ордасының бірі №26 қазақ мектебінде білім алады. Өз ісін жетік меңгерген Бақытжан ағамыз өз мамандығын мақтан етеді және таңдаған мамандығына ешқашан өкінген емес. Жастайынан еңбекке баулып өсті. «1977 жылы 9-сынып оқып жүргенде үйімізге жақын маңнан мұнай зауыты салынып жатты. Әкем маған: «Балам, осы зауыттың мамандығын ал. Инженер бол», – деп кеңес берді. Бұл зауыт сол кезде Қазақстан бойынша салынып жатқан үш зауыттың бірі болатын. Зауыттардың біріншісі Атырауда, екіншісі Павлодарда салынған еді. Үшінші зауыттың құрылысы Шымкентте қарқынды жүріп жатты. О заманда әкенің сөзіне қарсы келу, айтқанын орындамау деген жоқ. Айтты, бітті. Осылайша, мен 9-сыныпта оқып жүріп қандай маман иесі болатынымды білдім»,- деген кейіпкеріміз 1978 жылы мектеп бітіре салысымен Қазақ химия технологиялық институтының мұнай өңдеу факультетіне оқуға түсіп, 1983 жылы инженер-технолог мамандығы бойынша диплом алып шығады. Зауытқа 1984 жылы жұмысқа қабылданып, әлі күнге дейін жемісті еңбек етіп келеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, еңбек адамның мәртебесін өсіріп қана қоймай, жаңа күш, энергия береді, келешегіңді бағдарлайды. Жанұяның құт-берекесін де келтіреді.
Бақытжан ағаның әкесі, атасы да еңбек адамдары. «Аталарым өнеркәсіп саласының мамандары болған. 1934 жылдан бастап қаладағы қорғасын зауытында жұмыс істеген. Династия сол жерден басталған. Сондықтан біз өнеркәсіп саласымен бұрыннан таныспыз. Кейін біз жаңа саласын таңдап, осы мамандықты таңдадым. Оған жоғарыда атап өткенімдей әкем себепкер болды. Әкемнің айтқанын істегеннен жаман болған жоқпын, қайта өсіп-өнген отбасына айналдық. Біздің ниет – қоғамға сәл де болса пайдалы болу. Мұндағы жалақымызбен байып кетпесек те, айлығымыз тұрақты. Әр жұмысшы әлеуметтік пакетпен толық қамтылған, жыл сайын еңбек демалысында шипажайларға жолдама беріледі. Барлық жағдай жасалған жерде дұрыстап еңбек етпеу ұят. Ерінбей еңбек ету керек. «Еңбек етсең – емерсің, ерінбесең – жеңерсің» деген. Ауа райының ыстығына, суығына қарамай, жұмысты сапалы әрі қауіпсіз жүргізу ауадай қажет. Себебі оқыс оқиғалар ұсақ қателіктен туындайды. Адам өмірі – бәрінен қымбат. Жастар өз мамандығын жақсы көріп, соған шын көңілмен берілсе, міндетті түрде жетістікке жетеді», – дейді ардагер жұмысшы.
Ал Бақытжан Бахиевтің ұлы Ерлан зауытта электр монтер қызметін атқарып жүр. Алғашында кеден қызметінде еңбек етуді мақсат еткен ол әке кеңесін тыңдап өнеркәсіп саласын таңдаған. Ерлан әкесі білім алған оқу ордасы - Қазақ химия технологиялық институтының энергетика факультетін 2012 жылы бітіріп, сол жылы зауытқа жұмысқа кіреді. Мұнай өңдеу зауытында 12 жылдан аса еңбек өтілі бар. Айтпақшы, ол келіншегімен осы зауытта танысып, шаңырақ құрыпты. Қазіргі таңда әулет келіні Мәншүк Ахынова химиялық талдау лоборанты болып жұмыс істейді. Мұнай саласында еңбек ететін ерлі-зайыптылар 2 баланы тәрбиелеп отыр. «Зауытта жұмыс істеп жүргеніме 2 жылдай уақыт болған кезі. 2014 жылы жұмысқа Мәншүк те орналасады. Бір күні екеуміздің кезекшілігіміз бір күнге түсіп қалып, жұмыста жолығып қалдық. Жұмыс барысымен басталған әңгімеміз жарасым тауып, жақсы араласып кеттік. Сөйтіп Алланың қалауымен 2016 жылы шаңырақ көтердік»,- дейді Ерлан Бақытжанұлы.
Әулеттің келіні Мәншүк өз ісінің білгірі. Мұнай өнімдерінің құрамы мен сапасына жауап беретін маман. «Жолдасым екеуміз бір мекемеде жұмыс істегенімізбен жолыға бермейміз. Зауытта екі мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өте үлкен, ауқымды зауыт. Әр маманның өзінің жұмыс істейтін объектісі, орны болады. Зауыттағы жұмысым қиын емес. Еңбек етіп жүргеніме он жылдан асты. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Өзімді басқа жұмыста елестете алмаймын. біздің зауытта барлық жағдай жасалған. Зертханада қауіпсіздік шаралары қарастырылған»,- дейді Мәншүк Ахынова.
Аталған мұнай өңдеу компаниясында Бақытжан ағаның бауыры Бауыржан да еңбек етеді. Негізгі мамандығы – өрт сөндіруші. 1989 жылы осы зауыттың өрт сөндіру бөліміне жұмысқа қабылданады. Алайда 2014 жылы қайта құрылымдау кезінде жеке өрт сөндіру компаниялары пайда болып, мамандарды зауыттың құрамынан шығарып тастады. Араға 5 жыл салып Бауыржан Ағатайұлы қайтадан арнайы құтқару отрядында көлік жүргізушісі болып істейді. Жалпы жұмыс өтілі – 35 жылды құрайды.
Иә, осындай өз міндетіне адал, елге еңбегімен пайдасын тигізіп жүрген азаматтардың, отбасылардың өмірі – жастар үшін үлгі, ел үшін мақтаныш. Мұнай-газ саласы сияқты күрделі әрі жауапты салада жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, жас мамандарды тәрбиелеп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген Бахиевтер отбасы секілді өндірістің тетігін тауып, ұтымды ұйымдастыра білетін мамандар барда қаламыз өркендеп, өсе берері хақ.
Айтпақшы, ел игілігі үшін қара алтынды өңдеп, тер төгіп жүрген Бахиевтер отбасына «Үздік еңбек әулеті» номинациясы берілгенін айта кеткен жөн.
