Өзекті мәселелер сөз болды

image.png

      Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Күн тәртібінде қыс мезгілінде қаладағы қар тазалауға дайындық, көше жарығы және бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды.

     Кездесуді ашқан мегаполис басшысы әлеуметтік желіде қала тұрғындары кейбір көшелерге жаңа төселген асфальттың қайта қазылатынына шағымданатынын атап өтті. Қала әкімі бірқатар мердігер компанияның жұмысын, сондай-ақ, басқармалар мен аудан әкімдіктері тарапынан тиісті бақылаудың болмауын сынға алды. Ол мұндай фактілер тұрғындардың әділ наразылығын тудыратынын және қаланың имиджіне теріс әсер ететінін атап өтті.

     Қала әкімі жаңадан жөнделген жолдар қайта бұзылмас үшін барлық жөндеу жұмысы мен коммуналды қызмет үйлесіп әрекет етуі керек деді. Осындай жұмыстарға рұқсат алған мердігерлік компаниялар жұмыс сапасына және жолды дер кезінде қалпына келтіруге кепілдік міндеттеме алады. Әкім, сонымен қатар, әр факт бойынша тексеру жүргізуді және кінәлі тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

      Жалпы Шымкентте жол инфрақұрылымын жаңғырту кең ауқымда жүріп жатыр.  Қалада ауыр жүк көліктерін бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу бекеттері іске қосылды. Үш станция сынақтан өтіп, ендігіде нақты салмақ тіркеліп, ереже бұзғандарға айыппұл салынады. Алдағы уақытта тағы алты бекет орнатылады дейді салаға жауаптылар. Сондай-ақ  317 бағдаршам нысанында интеллектуалды жүйе енгізіліп, жедел жәрдем мен полиция көліктеріне «жасыл дәліз» қамтамасыз етілуде. Қазір 5 реанимациялық автокөлік трекер арқылы тікелей жүйеге қосылған.  Бас жоспарға сәйкес, 2025 жылы 16 ірі жол нысанында құрылыс жүргізілуде: Қонаев даңғылының жалғасы – 6 кезеңнен тұрады. А-2 автожолының 8 кезеңі: алғашқы төртеуі аяқталды, биыл 6, 7, 8-кезең тапсырылады, 5-кезең келесі жылға өтеді; Алтынсарин көшесі (Бәйтерековтің жалғасы) Тұран мөлтек ауданына дейін кеңейтілуде; Жандосов көшесі Сасбұқаев пен Адырбековті жалғайды, Асар мен Shymkent City арасындағы жаңа жол; Бәйдібек би даңғылына балама – Қазиев көшесі салынып жатыр. Ағымдағы жылы қаладағы Юсупов, Тамшыбулак, Жанақоныс, Ізендi (Самал-2,3) көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал  Сайрамдағы Ю. Сареми көшесінде 7 шақырым көшеге  жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Қойкелді батыр көшесінде жаңа көпір салынды. Бұл шаралар жол қабатын сақтау, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және көлік жүктемесін азайтуға бағытталған.

    Жиында қаладағы қар тазалау жұмыстарына дайындық барысы туралы Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар баяндады. Оның айтуынша, мегаполистегі автомобиль жолдарында 29 бағыт бойынша 243 техника, екі мыңға жуық коммуналды-техникалық қызметкер жұмыс істейтін болады. Жалпы ұзындығы 891 шақырым болатын 443 көшенің қарын тазалау жоспарлануда, сонмен қатар 15 мың тоннадан астам тұз және 25 мың текше метр құм дайындалды.

      Шымкент түнде де жарқырап тұратын қалаға айналады. Себебі биыл ішкі орам көшелерді 100% жарықтандыру жоспарланған болатын. Былтыр осы бағыттағы жұмыс 20 есеге жанданған еді. Былтыр  қаладағы 1237 көшеге заманауи жарық шамдар орнатылып, түнгі уақыттағы көшелердің жарықтандырылуы айтарлықтай жақсарды. Бұл жұмыстар қала қауіпсіздігін арттырумен қатар, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасады. Әсіресе, мектептер мен балабақшалар, қоғамдық орындар мен халық көп шоғырланған аумақтардағы көшелер ерекше назарға алынды.

      Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың ақпараты бойынша, өткен жылы қаланың 1 238 көшесінде 33,4 мыңнан астам көше шамы орнатылған. Биыл 1 760-қа жуық көше жарықтандырылып, 35 мыңнан астам шам орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 985 көшені қосымша жарықтандыра отырып жалпы қала аумағын 100 пайыз жарықтандыру жоспарлануда.

     Сонымен қатар, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дәрменов бұқаралық спортты дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады. Жыл басынан бері жоспарланған 267 спорттық іс-шараның 245-і өткізілді, жыл соңына дейін тағы 22 іс-шара өтеді. Жалпы, қалада 855 спорт инфрақұрылымы нысаны жұмыс істейді.

     Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада 35 спорттық ұйым жұмыс істейді. Бұл мекемелерде спорттың 73 түрі дамып жатыр, оның ішінде 36 олимпиадалық, 27 олимпиадалық емес және 10 ұлттық спорт түрі бар. Аталған ұйымдарда 19 176 спортшыны 1130 штаттағы жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарымен қамтып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы аясында 18 000 ваучермен қамту жоспарланған. Бұл жұмыстар «DamuBala» ақпараттық жүйесі арқылы іске асырылуда. Бұдан бөлек, қаладағы 11 саябақта 27 спорт нұсқаушы күн сайын таңғы жаттығулар өткізуде. 2025 жылға бірнеше жаңа спорт нысандарының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, Қаратау ауданындағы жаңа футбол стадионының құрылыс жобасы әзірленіп, 2026–2027 жылдары жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, оның да құрылысы 2026–2027 жылдары басталады.  Қала орталығынан шалғай орналасқан елдімекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамту үшін де тиісті шаралар қолға алынуда. Тұран ауданы, Ақтас тұрғын алабында, Еңбекші ауданы, Бадам-2 тұрғын алабында, Абай ауданы, Көкбұлақ және Қызылжар шағынауданындағы жер телімдері заңдастырылды. Алдағы уақытта бұл аумақтарда спорттық нысандар салу үшін тиісті ұсыныстар берілетін болады.  Шымкент қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауқымды спорттық шара – «Shymkent Marathon» . Биылғы жылы аталған бұқаралық жүгіру жарысына 7 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, спорт мерекесі жоғары деңгейде өтті. Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар, салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары мен қонақтары белсенді түрде атсалысты. «Shymkent Marathon» бүгінде Шымкент қаласының ғана емес, еліміздегі ең ірі бұқаралық спорттық іс-шаралардың біріне айналып отыр. Жыл сайын оның ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді. Бұл марафон тек кәсіби спортшылар үшін емес, денсаулықты басты орынға қойған барша тұрғындарға, әр жастағы спорт сүйер қауымға ортақ мерекеге айналғанын көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі жылы марафон жаңа форматта өткізіліп, бұдан да жоғары деңгейге шығару жоспарлануда. Шымкент марафоны – салауатты өмір салтының, бірлік пен достықтың жарқын үлгісі.

      Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма берді, соның ішінде жөндеу және коммуналды жұмыстардың сапасы мен мерзімін бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, әр ауданда жаппай сырғанауға арналған мұз алаңдарын ұйымдастыруды тапсырды.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ
  • Өзекті мәселелер сөз болды
  • В Акорде состоялась официальная церемония встречи Президента Азербайджана, прибывшего в Казахстан с
  • «Ақорда» резиденциясында елімізге мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан Президентін ресми қарсы алу
  • Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен келіссөз жүргізді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер