Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараны «Шымкент қалалық әзербайжан мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бірлесе ұйымдастырды.
Мерекеге Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ, қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а Заңғарбек Үсіпахметов іс-шара барысында құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды Республика күнімен құттықтады.
«Бүгінгі мереке – халқымыздың бірлігін, этностар арасындағы татулық пен өзара құрметті айғақтайтын тағылымды шара. Қазақстан халқының мәдени байлығы мен тілдік алуандығы – біздің ең үлкен құндылығымыз. Республика күні қарсаңында осындай іс-шаралардың өтуі еліміздегі бірлік пен келісімнің айқын көрінісі», – деді Заңғарбек Үсіпахметов.
Бағдарлама барысында көрермендерге әзірбайжан халқының бай мәдениеті мен ұлттық өнерінен сыр шертетін би, ән және поэзиялық композициялар ұсынылды. Балалардың орындауындағы Абай Құнанбайұлының өлеңдері ерекше әсер қалдырды. Жексенбілік мектептің оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, грамоталармен марапатталды.⠀
Сонымен қатар, қонақтар әйгілі әзірбайжан композиторларының туындыларын тыңдап, ұлттық билерді тамашалады. Мереке соңында қатысушыларға дәстүрлі әзірбайжан тағамдары ұсынылған дастархан жайылды.
Шымкент қаласындағы әзербайжан диаспорасының тарихына тоқталып өтсек. Алғашқы әзірбайжандар Қазақстанға ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында сталиндік репрессияның нәтижесінде, сондай-ақ тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында келді. Қазақстандағы әзірбайжандардың саны 130 мыңға жуық адамды құрайды. Әзірбайжан этносы өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін жақсы меңгерген. Осы күндері Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында шоғырланып орналасқан.
Шымкент қаласында қазіргі таңда 17 мыңнан астам әзірбайжан ұлтының өкілі бар. Олар бұл аймаққа 1937-1948 жылдар аралығында кеңес өкіметінің ұлттарды депортациялауға қатысты солақай саясатының салдарынан қоныстанған. Жалпы әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі 1999 жылдан бері жұмыс істеуде.
Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің жанынан «Арзу достлугу» ансамблі құрылған. Этно-мәдени бірлестік ел бірлігін бекемдеу, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ , өздерінің ана тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін жас буынға үйрету бағытында да ауқымды жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болуда. Әр жылы «Әзірбайжан халқының тілі , мәдениеті және салт-дәстүрі күні» мерекесі өткізіледі.
Әзірбайжан халқының Қазақстан жеріне жер аударылуы бірнеше кезеңмен жүзеге асырылған. Күштеп қоныстандыру алғашында ұжымдастыру кезінде басталды. Сол уақытта әзірбайжандарды бай-бағлан деп көшіріп әкелді. Одан кейінгі кезең 1932 жылға тура келеді. Кеңес билігі Арал ауданында 600 әзірбайжан отбасын көшірді. Арал теңіз маңына келіп түскен халық мұндағы қыстың қақаған аязына шыдамай , жаппай қырыла бастады. Ақырында бар-жоғы 200 әзірбайжан отбасы қалады. Оларды кейіннен Жамбыл облысы мен Қырғызстанға көшірді. Ол кез қазақ даласында аштық жайлаған уақыт. Тұтас ауылдар аштықтан қырылып жатты. Көптеген әзірбайжандар кейін қарай өз Отандарына қашқанымен, оларды ұстап алып, түрмеге жапты. Үшінші кезең 1937 жылы жүрді. Сол жылы саяси репрессия шегіне жетті. Қазақ жеріне көршілес елдерден депортацияға ілінген халықты вагондармен әкеліп жатты.
Ұлы Отан соғысы басталған тұста басқа да депортацияланған халықтар сияқты әзірбайжандарды да соғысқа алмады. Тек, 1943 жылы ғана еңбек армиясына шақыра бастады. Соғыс аяқталып, бейбіт өмір орнағаннан кейін осында тұрақтаған әзірбайжандар ел қатарлы тіршілікке араласты.
Саяси қуғын-сүргін жылдарынан кейін, бертінде экономикалық себептермен Қазақстанға көшкен әзірбайжандар да болды. Атап айтқанда, өткен ғасырдың 50-60 жылдарында Әзірбайжан КСР-нен Қазақстанға 15 мың адам көшіп келген. Олардың басым бөлігі тың игерушілер еді.
Әзірбайжан халқы да наурыз мейрамын асыға күтіп , барынша сән-салтанатымен тойлайды. Сэмэни атты ас дайындайды. Мейрам күні отбасының барлық мүшелері бір шаңырақ астына жиналады. Әзірбайжандардың этно-бірлестіктерінің қызметін Қазақстан әзірбайжандарының «Вэтэн» конгресі үйлестіреді.