Шымкент әкімі қала тұрғындарымен бірге ағаш отырғызу акциясына қатысты

image.png   

     Шымкент қаласы күннен күнге көркейіп, экологиялық және эстетикалық тұрғыдан жаңарып келеді. Шымқалада экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа ұқыпты көзқарасты қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда.

    Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге «Астана» шағын ауданында көшет отырғызу жұмысына қатысты. Егілген ағаштар қаланың көгалдандыру жүйесін толықтырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастырады.

Іс-шара барысында мегаполис басшысы мұндай игі бастамалардың маңыздылығын атап өтті:

—  Ағаш отырғызу – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып қана қоймай, қоғамның бірлігін нығайтады. Әрбір тұрғын өз қаласының тазалығы мен әсем келбетіне үлес қосуы тиіс, – деді Ғабит Сыздықбеков.

    Сондай-ақ, күзгі көгалдандыру маусымы аясында Шымкент қаласының орталық көшелерінде, саябақтар мен гүлзарларда, сондай-ақ аулаларда ағаш отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл шаралар жасыл инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

     Айта кетейік, қала аумағында экологиялық мәдениетті арттыру бағытында көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Абай ауданында бұрынғы қоқыс полигонының орнында жаңа «Экопарк» саябағының құрылысы басталды. Жоба аясында 5 000-нан астам ағаш көшеті отырғызылып, автоматты суғару жүйесі орнатылуда. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 1 800 жеміс ағашы мен 1 215 м² аумаққа сәндік өсімдіктер егілмек. Қала көшелерінде 32 су ұңғымасы іске қосылып, 54 шақырым жол бойына газон төселді. Жылыжайда өсірілетін гүл көшеттері 2026 жылы қала көшелеріне 1,6 миллионнан астам гүл егуге мүмкіндік береді. Бұл бастама қаланың көркін арттырып қана қоймай, экологиялық тұрақтылық пен бюджеттік үнемділікті қамтамасыз етеді. Жұмыстар демеушілердің қолдауымен жүргізіліп, тұрғындардың демалып, табиғат аясында уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін экологиялық тұрғыдан тұрақты кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

     Бұдан бөлек, қала бойынша маусымдық көгалдандыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Көктем мезгілінде жаңа шағынаудандар мен орталық көшелерге 3 мың ағаш отырғызылды, ал күзде қосымша 7 800 ағаш егу жоспарлануда. Қаланың көшелері мен саябақтарында 22 мыңнан астам көпжылдық гүлдер жайқалып өсіп тұр. Көктемде тұрғындардың көз қуанышына айналған 1,6 миллионнан астам қызғалдақ 40 мың шаршы метр аумаққа егілді.

      Шымкент қаласы еліміздің ең жасыл да жайлы мегаполистерінің бірі болуға сенімді түрде қадам жасап келеді. Экопарктерді дамыту, көшелерді көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру шаралары қаланың экологиялық келбетін жақсартып, оны өмір сүруге қолайлы әрі көрікті қалаға айналдыруда. Шаһардың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған бұл шаралар мегаполистің табиғи келбетін сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтермек. Қаланы жасыл аймаққа айналдыру бағытындағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті
  • Республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті
  • Ұйғыр этносының тілі мен өнері — рухани бірліктің көрінісі
  • Тарих қайталанды: Бұл жолы – алтын жүлдемен!
  • Шымкентте «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» атты мерекелік іс-шара өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер