Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Goldman Sachs жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақ мерзімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді.
Мемлекет басшысының айтуынша, толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейтін Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады.
Ал Джаред Коэн Goldman Sachs Digital Asset Platform цифрлық қаржы тұғырнамасының тәжірибесіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін сондай-ақ Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдады. Амит Севак Мемлекет басшысына компанияның халықаралық жұмыс жоспары туралы мәлімет берді. ETS – білімді тестілеу мен бағалау саласындағы көшбасшы ұйым. Джиаре, ТОЕFL, IELTS, SAT секілді ең атақты тестілерді жасаған. Жыл сайын әлемнің 180 еліне 50 миллионнан аса тест әзірлеп, ұлттық білім беру жүйесіне арналған шешімдер ұсынады. Президент Қазақстанның компания тәжірибесін зерделеуге және пайдалануға мүдделі екенін айтты.
«Бүгін біз ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқыладық. ETS-тің тестілеуді әзірлеу, өткізу және бағалау саласындағы әлеуетін пайдалана отырып, бірлесіп жұмыс істей аламыз. ETS-тің құрылғанына шамамен 80 жыл болды. Біз әлемнің түрлі елдеріндегі тестілеу жүйесін жаңғыртуға атсалысып келеміз»,- деді ETS президенті және бас атқарушы директоры Амит Севак.
Президент сондай-ақ Смитсон институтының басшылығымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинге қазақ мәдениетін АҚШ-та белсенді түрде дәріптеп жүргені үшін алғыс айтты. Орталық жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттаумен, сондай-ақ қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі және рухани өмірін зерттеуге арналған бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастырумен айналысады.
Мемлекет басшысы мәдени дипломатия Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Смитсон институты – әлемнің ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі. Оның құрамына 21 музей мен галерея, 14 ғылыми және білім беру орталығы, кітапханалар мен ұлттық зообақтар кіреді.