«Журналистика – жүрегімнің таңдауы, өмір бойғы серігім», – дейді Гүлім Қанатқызы. Бұл сөзді ол жай айта салған жоқ. Жылдар бойғы еңбегі мен ізденісінің түйінінен туған шынайы ойы. Қаламға деген сүйіспеншілік бала күнінен бойына дарып, оқиғаға елеңдеп, тың жаңалыққа құмартып тұратын мінезі бүгінде кәсіби жолына айналды.
2004 жылдың 24 қыркүйегінде Шымкент қаласында дүниеге келген. Гүлім бала кезінен зерек, сөзге шешен болып өсті. 2010 жылы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы жалпы орта мектептің табалдырығын аттап, он бір жыл бойы сол білім ордасында тәлім алды. Ұстаздарының айтуынша, ол әрдайым ізденімпаз, ойы ұшқыр, жауапкершілігі мол шәкірт болған. «Елдегі әр оқиғаға бейжай қарамайтын, бәрін жазып алғысы келетін. Қаламы да, ойы да жүйрік еді», – дейді сол күндерді еске алған мұғалімдері.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ Гүлімнің таңдауы айқындалды. «Жазуға деген ықыласым басым болды. Қарапайым жаңалықтың өзінен мән табуға ұмтылатынмын», – деп еске алады өзі. Сол ықылас оны 2021 жылы арманының жетегінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Журналистика және репортер ісі» мамандығына жетеледі. 2025 жылы аталмыш оқу орнын абыроймен тәмамдап, кәсіби жолын жалғастырды.
Студенттік жылдары ізденіске толы болды. 2022-2023 жылдары «Halyq News» ақпараттық сайтында еңбек етіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді талдап, жедел репортаждар әзірледі. Оның мақалалары шынайылығы, нақтылығы және өзектілігімен ерекшеленді. Әсіресе әлеуметтік тақырыптарды көтеруде жауапкершілікпен қарауы оқырман ықыласына бөледі.
Жас журналистің білімге, жаңа тәжірибеге деген құштарлығы оны әрдайым жаңа белестерге жетеледі. 2022-2024 жылдар аралығында «Kemel Bolashaq» қоғамдық қорының стипендиаты атанып, түрлі жастар жобаларына белсене қатысты. «Әр жоба – өз алдына бір мектеп. Жастармен жұмыс істеу, ой бөлісу, тың идеяларды жүзеге асыру – менің дүниетанымымды кеңейтті», – дейді ол.
2025 жылы Гүлім «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған «Азамат» теледебат жобасына қатысып, көпшілік алдында еркін сөйлей білетін, ойын анық жеткізе алатын маман екенін дәлелдеді. Сол жылы оның кәсіби жолы жаңа белеске көтерілді.
Ал 2022 жылдан бері бүгінге дейін Гүлім «Hah TV» телеарнасында диктор-журналист болып қызмет атқарып келеді. Тікелей эфирдің жауапкершілігі мен толқынысы оған тың серпін сыйлайды. «Эфирге шыққан сәт ерекше сезім. Жаңалықты елге жеткізу, көрерменге шынайы ақпарат беру үлкен міндет. Әр хабарды халыққа деген сенім мен құрметтің көрінісі деп қабылдаймын», – дейді ол.
Бүгінде Гүлім Қанатқызы жас болса да тәжірибе жинап үлгерген, ел алдында өз ойын нық жеткізе білетін журналист. Оның жолы еңбектің, адалдықтың, табандылықтың жемісі. Қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын, ізденісін тоқтатпайтын қаламгердің әрбір жетістігі жас буынға үлгі болып отыр.