Қазақ биінің жанашыры

image.png

Қазақ халқының бай рухани қазынасы сөзбен ғана емес, саз бен қимыл арқылы да ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Сол қазынаның ең шоқтығы биік бір саласы – ұлттық би өнері. Бұл өнердің нәзік иірімдерін сақтап, бүгінгі заман тынысына лайықтап, ертеңгі ұрпаққа аманат етіп жүрген саусақпен санарлық тұлғалар бар. Солардың ішінде ерекше еңбегімен танылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, хореограф-ұстаз, ұлттық би зерттеушісі – Зауре Ажибекова.

      Шымкент қаласының топырағында дүниеге келген Зауре Ажибекованың өнерге деген ықыласы ерте оянды. Анасының әлдиі мен тойдағы көңілді думан, әжесінің көне әуендері кішкентай қыздың жүрегінде із қалдырмай қоймады. Жасынан сахнаның сиқырын сезінген ол, би қимылдары арқылы қазақы болмысты жеткізуді армандады. Әдеттегі ұяң қыз  сахнаға шыққанда өзгеше нұрланып, әр қимылы арқылы халықтың мінезін, салт-дәстүрін сезіндіре білді.

       Мектеп кезінен бастап түрлі өнер үйірмесіне қатысып, табиғи қабілетін шыңдай түсті. Арман жетелеген жас түлек кейін Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтына түсіп, кәсіби білім алды. Бұл  оның би әлеміндегі үлкен жолының бастамасы еді. Сол оқу орны берген ілім оның бойындағы талантты тереңдетіп қана қоймай, ұлттық би өнерінің ғылымға негізделген тұстарын да зерттеуге жол ашты.

      Зауре Бекембайқызы үшін би жай ғана сахналық көрініс емес, ол  тұтас тарихты, салт-дәстүрді, тіпті халықтың мінез-құлқын сөйлететін тіл. Сондықтан да ол өнерді ғылыммен ұштастыруды басты мақсат етті. Педагогика ғылымдарының кандидаты атағын алып, ұлттық биді жүйелі оқытудың әдістемесін жасады. Оның ғылыми еңбектері бүгінгі жас хореографтарға бағыт-бағдар беретін құнды дүние болып отыр.

        Ұзақ жылғы еңбектің жарқын жемісі «Қазына» халық би ансамблі. Бұл ұжымның әр қойылымы қазақтың тарихын, табиғатын, мінезін сахнада өрнектеп, көрерменге ерекше әсер сыйлайды. «Қазына» бүгінде Шымкент қаласының ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналды. Әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсету  кез келген хореографтың арманы болса, Зауре Бекембайқызы шәкірттерімен бірге Париж төрінде, ЮНЕСКО сахнасында қазақ биін биледі. Бұл тынымсыз еңбектің, жылдар бойғы ізденістің нақты нәтижесі.

    Өнердің мәңгі жасаруы үшін оны жас буынға жеткізе білу  ең үлкен жауапкершілік. Зауре апай үшін шәкірт тәрбиелеу  басты мұрат. Оның тәлімін алған көптеген жас бишілер бүгінде Қазақстанның түрлі театрлары мен би ұжымдарында еңбек етіп жүр. Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігін көруден артық марапат жоқ. «Сахнада жарқыраған шәкірт – еңбегімнің шынайы бағасы», – дейді ол әрдайым.

       Бүгінде ол Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Шымкент Концерт» мемлекеттік концерттік ұйымында қызмет атқарады. Көрермен көбіне сахнаның алдына назар аударады, бірақ сахна сыртында ұлттық мұраны тірілтіп, оны жаңа заманға лайықтап жүрген жанның еңбегі ерен.

      Зауре Бекембайқызының өнердегі қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы  оның ел мәдениетіне қосқан үлесінің айқын дәлелі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ биінің жанашыры
  • 35 жылдық адал еңбектің иесі
  • Жасанды интеллект – жаңа дәуірдің құралы
  • Әуенмен өрілген тағдыр
  • Елге еңбегімен сыйлы Ертай
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер