Жер бетіндегі әрбір тіршілік иесінің еңбегі қымбат. Дегенмен, жүректі тербеп, жанды баурайтын, тыңдарманға қуаныш сыйлайтын өнер жолы – нағыз табандылықты қажет ететін ерекше еңбек. Өнерпаздың сахнадағы сәті көрер көзге тек әуен мен жарықтан тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда сол сәттің ар жағында сансыз дайындық, іштей толқу, жан-жақты ізденіс, жігер мен төзімге құрылған ұзақ жол жатыр. Осындай қайсарлықты бойына сіңірген, тыңдарманын әсем үнімен тәнті еткен Шымкент қаласының мақтанышы, «Шымкент концерт» ұйымының жарқын жұлдызы, сырлы дауысты әнші Айгерім Тәжі.
1995 жылы гүлге бөленген, сазды әуенге толы Шымкент өңірінде дүниеге келген Айгерімнің бойындағы өнерге деген махаббат бала кезінен-ақ байқалған. Мектеп қабырғасынан бастап түрлі байқауларға қатысып, табиғи дарынын шыңдап өсті. Әнге деген құштарлығы жас жүрегіне жігер беріп, оны үлкен сахнаның соқпағына жетеледі. 2017–2019 жылдары Шымкент университетінде «Музыкалық білім» мамандығын үздік тәмамдап, сахнаға тың серпінмен қадам басты.
Айгерім бүгінде «Шымкент концерт» филармониясының белді мүшесі. Әрбір қойылымы тыңдарманға рухани ләззат сыйлауды мақсат еткен, көп еңбектің нәтижесі. Әнді жүрекпен сезіну, әр әуездің нәзік иірімін жеткізе білу, оның сахналық шеберлігінің айқын көрінісі. Оның орындауындағы қазақтың қастерлі мұралары «Еркем-ай», «Бүлдірген», «Ақбаян» сынды халық әндері тыңдарманын өткен күннің құдіретті рухымен қауыштырса, Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жыр», Ескендір Хасанғалиевтің «Айналайын», Әсет Бейсеуовтің «Гүлсезім», «Маралдым» туындылары ұлттық өнердің асыл қазынасын жаңа қырынан танытады. Айгерім осы әндерді тыңдарманға ұсынып қана қоймай, жас буынның жүрегіне ұлттық әуеннің қадірін сіңіруге айрықша үлес қосып келеді.
Оның репертуары тек қазақ музыкасының аясымен шектелмейді. Әлемдік сахнаның да жауһарлары Айгерімнің әуезді даусымен жаңаша түрленеді. Игорь Крутойдың «Как быть», Мұрат Насыровтың «Я – это ты», Лара Фабианның «Je T'aime», Билли Айлиштің «Lovely» сияқты халықаралық хиттерді кәсіби деңгейде орындауы, оның ізденімпаздығы мен жан-жақтылығының белгісі. Әр тілдің дыбыстық табиғатын, әр мәдениеттің өзіндік бояуын сезініп, оны тыңдарманға лайықты жеткізу – үздіксіз еңбек пен шексіз талпынысты талап етеді.
Сахнаның сәні тек жарық пен әсем көйлек емес. Әрбір концерттің артында күнделікті дауысты шынықтыру, жаңа әндерді үйрену, репертуарды толықтыру секілді қажырлы дайындық жатыр. Айгерім үшін әр ән – жан сыры. Ол әр нотаға жүрек дүрсілін қосып, тыңдарманға өз толқынысын сыйлауды өнердің ең биік мақсаты деп біледі.
Бүгінде Айгерім өз дарыны мен табанды еңбегі арқылы қазақ өнерінің мәртебесін асқақтатып, жас буынға үлгі болып келеді. Айгерімнің әр әуені, әр сазы – халқына деген жүрекжарды сыйы, ел руханиятына қосылған өлшеусіз үлесі.