Қазіргі заманда білім беру мен өндіріс арасындағы өзара серіктестік — елдің кадрлық әлеуетін қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы тығыз байланыс нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Колледждер мен шефтік кәсіпорындар арасындағы әріптестік кадрлар даярлау ісінің сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал етуде.
Шымкент қаласы бойынша шефтік қамқорлыққа алынған 29 колледж бар, оның ішінде: 11 мемлекеттік, 18 жекеменшік колледж.
Оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде жаңартылып, өндірістік тәжірибе мен дуалды оқыту тетіктері кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, қаладағы 29 колледж 187 кәсіпорынмен тұрақты серіктестік орнатқан. Оның ішінде: 46 – ірі кәсіпорын, 107 – орта бизнес субъектісі, 34 – шағын бизнес субъектісі.
Сонымен қатар, 2649 студент 22 колледжде 152 жұмыс берушімен бірлескен мақсатты кадрлар даярлау жобасы аясында білім алуда. Бұл жоба студенттерге тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік ортада кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беруде.
Осындай форматтағы тығыз ынтымақтастық оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болып, жұмыспен қамтылу мүмкіндігін айтарлықтай арттыруға ықпал етіп отыр.
Шымқаладағы ірі әрі танымал мейрамхананың бірі – «Сандық group» ЖШС өткен жылдан бастап қаламыздағы «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжімен ынтымақтастық меморандумға қол қойған болатын. Бүгінде аталмыш колледждің студенттері осында дуальды оқыту жүйесі бойынша тәжірибеден өтіп, өз саласының қыр-сырларын меңгеруде. «Біз ең алдымен студенттерді практика барысында өзінің мамандығы бойынша бейімдейміз, үйретеміз. Алғашқы еңбек жолын бастауға бұл үлкен мүмкіндік. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз сапалы маман даярлауға үлесімізді қосып отырғанымызға қуаныштымыз»,- дейді «Сандық group» ЖШС өкілі Ақбілек Ақылбекқызы.
Техникалық мамандықтарда білім алатын студент жастардың түрлі өндіріс орындарында тәжірибеден өтіп, білікті мамандардан дәріс алуы – келешекте өз ісінің шебері атануына зор ықпалын тигізері анық. Бұл мақсатқа жетуге шымкенттік кәсіпкерлер де өз үлестерін тигізуде.