Білектің күшімен қара жұмыспен айналысудың жөні бір бөлек болса, техниканың тілін біліп, бір мекемеде көптеген жылдар қатарынан табан аудармай қызмет етудің жөні тым болек. Бүгінгі кейіпкеріміз - экскаватор жүргізушісі Бастарбек Жұматаев. Ол бала кезден техниканың құлағында ойнап өскен.
Бастарбек ағамыз бүгінде бүкіл Шымкент қаласын таза ауыз сумен және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етіп отырған «Су ресурстары – Маркетинг» кәсіпорнында экскаватор машинисі болып қызмет атқаруда. Ауыр техниканың тізгінін ұстаған кейіпкеріміз аталған мекемеде еңбек етіп келе жатқанына 15 жылдан асқан. Осы уақыт ішінде ол көп тәжірибе жинап, күнделікті жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап келе жатқанын айтады.
«Менің жұмысым өте жауапты деп білемін. Әсіресе, жер қазған кезде коммуникациялық сымдарды үзіп алмау қажет, трубаларға зақым келтірмеуім қажет. Ол үшін жерді қанша метр тереңдікте қазатынымды айқын білгенім жөн. Сонымен қатар көліктің маңайында адамның болмауын да жіті қадағалауымда ұстаймын. Шыны керек, қандай істі болмасын уақытында орындауға тырысамын. Алайда асығыстық жасамаймын. Себебі асығыс жасалған жұмыстың артында көп қателіктер қалады. Бұл жұмыстардың бәрі тәжірибеге байланысты. Осы уақыт ішінде көп тәжірибе жинадым деп айта аламын. Сондықтан жұмыс барысында ешнәрсеге алаңдамай, әр істі жауапкершілікпен тындыруға тырысамын", – дейді экскаватор жүргізушісі.
Бүгінде бір мекемеде абыройлы еңбек етіп, сол жердің игілігі үшін барын салып жүрген білікті маманға басшылары да дән риза. «Мен өз жұмысыммен мақтанамын. Біздер халық үшін еңбек етеміз. Қала тұрғындарының жайлылығы үшін, таза сумен қамту үшін бар күш-жігерімді салып келемін. Кейде апаттық жағдай орын алған кезде күн-түн демей, қар жауып тұрса да, шіліңгір шілде болса да қызметімізге кірісіп кетеміз. Ең бастысы апатты жойып, қалпына келтіру. Еңбегімізді кейде қарапайым халық бағалап, алғыстарын айтып жатады. Ұжымымыз өте жақсы, басшыларымыз да керемет. Еңбегімізді бағалайды. Жалақымызды уақытылы береді. Өз басым қаланың коммуналдық саласының дамуына, жақсаруына өз үлесімді қосып келе жатқаныма қуанамын. Жастарға экскаватор жүргізушісі болудан қашпаңыздар дегім келеді. Егер тілін тапсаңыз бұл өте керемет техника және халыққа пайдалы мамандық»,- дейді кейіпкеріміз.
Еңбек еткен адамның қор болмайтыны белгілі. Бүгінде өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында бел жазбай еңбек етіп, бір ұжымның мақтанышына айналып отырған Бастарбек ағамыз сынды маманның жолын қуар жастар көп болсын деп сенім білдіреміз.