Мейірбике- мейірім иесі

image.png

Мейірбике - науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырының бірі. Жауапкершілігі мол  медицина саласына 40 жылға жуық ғұмырын арнаған Алмаш  Салтакова  Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында аға мейірбике болып жұмыс жасайды.

Ол 1984 жылы Сарыағаш қаласындағы С.Сейфуллин мектебін бітірген соң «Леңгір қалалық медицина колледжіне» оқуға түседі. 1986 жылы оқуды бітіріп, Сарыағаш орталық ауруханасы хирургия бөліміне мейірбике болып қызметке орналасады. Көп ұзамай  жауапкершілігі үлкен жан сақтау бөліміне ауысады.  Кейіпкеріміз 1988 жылы өмірлік серігін жолықтырып, тұрмыс құрады.

    Алмаш ханым 1989 жылы Шымкент қалалық №3 балалар ауруханасына ауысып, еңбек жолын үлкен қалада жалғастырады. Кейіпкеріміз қазіргі мекемеге 1991 жылы ауысып, содан бері табан аудармай қызмет етіп келеді. Жауапкершілікті терең сезінетін, әрбір іске тиянақты қарайтын маманның жұмысын басшылық ескеріп, 1995 жылы аға мейірбике лауазымына ауыстырады. 

«Ауруханаға түскен науқастардың барлығы алдымен қабылдау бөліміне келеді. Оларды диагнозына қарап тиісті боксқа жібереміз. Мұнда 6 бокс бар.  Біріншісі ауа тамшылары арқылы жұғатын аруы бар балаларға арналған, екіншісі аса қауіпті жұқпалы ауруларға арналған, үшінші бокс сарыауру диагнозы қойылған науқастар үшін, төртіншісі ішек инфекциясымен ауырған балаларға арналса, бесіншісі ересектерге арналаған, ал алтыншы қосымша бокс болып саналады. Келген науқастарға дәрігердің тағайындаған ем-домын жасаймыз. Алғашқы тексерістен өткіземіз. Яғни дене қызуын, қан қысымын өлшейміз. Кейіннен құжаттарын толтырып, пациенттерді бөлімшелерге апарып, жайғастырамыз»,- дейді кейіпкеріміз.

     Мейірбике – медицина саласында сан ғасырдан бері жанкешті маман иесі екенін дәлелдеген. Әлемдік эпидемия, пандемия кезінде өз өміріне қауіп төнсе де науқастарға алғашқы көмек көрсетіп, емдік шараларын жасауда алдыңғы шепте жүріп қызмет еткен осы - мейірбикелер. Кейіпкеріміздің еңбек етіп жүрген мекемесі де қызметкерлер үшін қауіпті саналады. Әйтсе де Гиппократ антына берік Алмаш Салтакованы бұл жағдай артқа шегіндірген емес. 

«Біздің қызметте бірінші кезекте өзімізді сақтауымыз керек. Жұқпалы аурулар ауруханасы болғандықтан сақтық шараларын қатаң ұстанамыз. Бір реттік халат, маска, бахиласыз науқастарды қабылдамаймыз. Құтыру, тырысқақ секілді аса қауіпті инфекцияны жұқтырған науқастарды қабылдайтын кезде бірінші типтегі костюмдерімізді киеміз. Науқасты палатаға жатқызғаннан кейін боксты толығымен залалсыздандырамыз»,- дейді мейірбике. 

   Өз ісіне көзсіз берілген маман ковид кезінде күн-түн демей еткен еңбегі үшін Президенттің «Ерен еңбегі үшін»  медалімен марапатталған. Ол мейірімді мейірбике ғана емес үш бала тәрбиелеп отырған аяулы ана. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте ерікті жастарға арналған эко-экскурсия өтті
  • Жарыстағы жанкештілік
  • Отбасылық дәрігер – денсаулықтың ертеңі
  • Шымкент қаласының дамуы Smart City тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылады
  • Развитие города Шымкента будет осуществляться в рамках концепции Smart City
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер