Өткен жылғы Жолдауда Президентіміз: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Бұл кезеңде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жаңғыртып, қоғамда еңбекқорлық пен нағыз маман болу құндылығын дәріптеуіміз қажет», – деген еді.
Бұл бастама еліміздің түкпір-түкпірінде, соның ішінде Шымкент қаласында да нақты істермен жалғасын табуда. Қала әкімдігінің өткен жылғы қаулысымен «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өңірлік іс-шаралар жоспары қабылданып, жүйелі жұмыстар басталып кетті. Осы жөнінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы сәрсенбінің сәтті күнінде өткен брифингте баяндап берді.
Оның сөзінше, биылдың өзінде бірнеше ірі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Алғашқысы 11 ақпанда «Көрме» орталығында «Еңбек адамы – елдің байлығы» деген атаумен өтсе, 25 маусымда «Арбат» алаңында өңіраралық жәрмеңке жалғасын тапты.
Бұл шараларға 160 кәсіпорын 1 800 тұрақты жұмыс орнын, 227 мекеме 1 500 уақытша қызметті ұсынды. Соның нәтижесінде 223 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жағынан осал топтарға да ерекше көңіл бөлініп, пробация есебінде тұрғандар мен бас бостандығынан босаған 29 азамат еңбекке тартылды.
Еңбек мобильдігі орталығы да жастарға кәсіби бағдар беру ісіне белсенді атсалысуда. 2025 жылға арналған 130 түсіндіру шарасы бекітіліп, мектеп пен колледждерде «Enbek.kz» порталының мүмкіндіктері таныстырылуда. Шалғай елді мекендерде де ақпараттық жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.
Бүгінгі таңда 16 мыңнан астам жас «Электронды еңбек биржасы» порталында оқудан өтіп, арнайы сертификат иеленді. Бұл олардың ертеңгі еңбек нарығына сенімді қадам басуына берілген мүмкіндік.
Президент Жолдауында әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қолдаудың әділетті жүйесін құру мәселесі де көтерілген болатын. Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмек тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлініп, қазірдің өзінде 4 684 отбасыға 1,6 млрд теңге төленді. Сонымен қатар, 6 жасқа дейінгі 4 242 балаға ай сайын қосымша төлем тағайындалды.
Айта кетерлігі, 2024 жылмен салыстырғанда көмек алушылардың саны 40 пайызға азайған. Бұл халық табысының артып, жұмыспен қамту шараларының оң нәтижесін көрсетеді.
Әлеуметтік қолдауды рәсімдеу ісін жеңілдету үшін 2025 жылдың қаңтарынан бастап «FSM Social» мобильді қосымшасы енгізілді. Бұл жүйе өтініш берушінің жағдайын жедел тексеріп, шешім қабылдауды жылдам әрі ашық жүргізуге жол ашты. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайып, көмек шын мұқтаж жандарға дер кезінде жетуде.
Сондай-ақ, Шымкент пен Қарағанды облысында отбасылардың әл-ауқат деңгейін бағалаудың баллдық үлгісі пилоттық жоба ретінде енгізілді. Бұл әдіс әр отбасының нақты жағдайын ескеріп, әділ қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет қолға алған бастамалардың түпкі мақсаты қоғамда әлеуметтік әділеттілікті орнықтыру және еңбек адамына деген құрметті арттыру. Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан шаралар осы бағыттағы нақты істердің айқын көрінісі.