Өмірін бала күлкісімен өрнектеген күтуші

image.png      

Әр сәби – өмірдің ең асыл сыйы. Пәк күлкісімен, мөлдір жанарымен бізге үміт пен қуаныш сыйлайтын періште бейнесіндегі жаратылыс. Баланың жүрегінде жалғандық болмайды, ол ақ парақтай тап-таза. Сол параққа жан жылуы мен қамқорлықтың әр әрпін жазып, мейірімге бөлеу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Елдің ертеңін ойлайтын, адамгершілігі биік ұрпақ тәрбиелеу үшін бала кезінен махаббат пен жылулықтың сәулесін шашу керек. Осы борышты жүрекпен сезініп, бар ғұмырын балалардың күлкісіне арнап жүргендер қаншама. Солардың бірі әрі бірегейі Шымкент қаласындағы «Мамандандырылған бөбектер үйінің» бала күтушісі Наргиза Разметова.

       Наргиза Анарматқызы 1977 жылдың 29 қазанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала күнінен зеректігімен, еңбекқорлығымен, тіл алғыштығымен ерекшеленген ол қазақы болмысқа тән сұлулықты да, адамға тән мейірімділікті де өне  бойына сіңіріп өсті. Білімнің алғашқы баспалдағын №17 М.Ю. Лермонтов атындағы мектептен   бастаған.  Ал, еңбек жолындағы майданды  1995 жылы «СЭС Арыс станциясында» дезинфектор қызметінен бастап, әрмен қарай 2002-2011 жылдары «ШОСЭЭ на транспорте» мекемесінде қойма меңгерушісі болып  еңбек етті.

     Алайда, зымараған уақытпен жүрек қалауыда, көзқарасы да  өзгерді. Бұл жолы таңдаған шынайы жолы балалар әлемі еді. Осылайша, 2017 жылдан бері Наргиза Разметова «Мамандандырылған бөбектер үйінде» бала күтуші болып еңбек етіп келеді. Әр күнін бүлдіршіндердің шат күлкісіне арнаған ол, осы мамандықты таңдағаны тағдырдың сыйы деп біледі.

- «Эх, баланың көңіл-күйін түсіну оңай шаруа емес. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар бұған мән де бермей жатады. Кейде бірнеше минуттың ішінде оның не себепті жылап тұрғанын аңғарып, тілін тауып, жағдайын жасап үлгеру қажет. Сосын, бір сәт назар аударып қараңызшы, күлкісін байқадыңыз ба? Ғажайып көрініс, иә? Көргенде бар шаршауыңыз ұмытылып, жүрегіңіз жылып қоя береді. Сол сыңғырлаған күлкіні мен нағыз дәрумен деп атаймын», – дейді кейіпкеріміз.     

      Әр нәрсенің өз уақыты бар ғой. Мезгілі жетсе қыс кетіп, көктем келеді. Сол секілді бөбектердің де бала күтуші мен тәрбиешінің қолынан кетер шағы туады. Ол сәт келгенде жүрек шым ете қалмай тұрмайды. Себебі әрбір кішкентай бөбекпен бірге Наргизаның жүрегінің бір бөлшегі кетеді.

– «Әрине, баланы қимайсың. Өзіңнің бауыр етіңдей болып кетеді. Бірақ менің жұмысым  белгілі бір уақытқа ғана жанында болып, өсіп-жетілуіне көмектесу. Содан кейін ол өз ата-анасының қамқорлығында, өз жолымен кете береді. Мен үшін ең үлкен қуаныш  сол баланың аман-сау өсіп, жақсы адам болып қалыптасуы», – осы сөздерді айтқан соң, біразға дейін ойға шомып, үнсіз қалды.

       Көпшілігіміз тәрбиеші мен бала күтушінің жұмысын бағаламай, кейде тіпті жазғырып та жатамыз. Бала құласа, жөтелсе немесе жыласа, бәрін сол мамандардың мойнына артамыз. Ал өзіміз ше? Жасыратыны жоқ, кейде өз баламыздың еркелігін өзіміз көтере алмай, шаршап қаламыз. Шынында, тәрбиеші мен бала күтушілердің еңбегі ерен екені анық.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Официальный визит Президента К.Ж.Токаева в Китайскую Народную Республику завершился
  • Президенттің 2024 жылғы Жолдауы: елімізде цифрлық экожүйе қалай қалыптасып келеді
  • Жолдау-2024: тұрақты өсу, жасанды интеллектіні дамыту және білім беру бастамалары
  • Послание–2024: рост IT-отрасли и стратегия развития ИИ
  • Өмірін бала күлкісімен өрнектеген күтуші
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер