Цифрландыру дәуірі қоғамның барлық саласына дендеп енуде. Күнделікті өмірімізде түрлі қызметтерді онлайн атқарып, уақытты үнемдеуге, жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік алып отырмыз. Бұл үдерістен медицина саласы да қалыс қалған жоқ. Соңғы жылдары елімізде денсаулық сақтау жүйесін заманауи бағытқа бейімдеуге айрықша мән берілуде. Оның айғағы – Шымкент қаласында толық көлемде жүзеге асырылып жатқан «Әлеуметтік әмиян» жобасы.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы баспасөз брифингінде мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде аталған жоба мегаполистегі барлық медициналық ұйымдарға енгізілген. Яғни Шымкенттің 61 медициналық мекемесі дәрі-дәрмектерді «Әлеуметтік әмиян» арқылы үлестіру жүйесіне көшті.
Жобаның ең үлкен жаңалығы бұрынғыдай қағаз рецепті алып жүрудің қажеті жоқ. Оның орнын қарапайым QR-код басты. Енді тұрғындар дәрі-дәрмекті алу үшін смартфондағы бір ғана кодты көрсету арқылы қажетті препаратын қолына ала алады. Бұл тәсіл қағазға тәуелділікті азайтып қана қоймай, емделушілердің уақытын үнемдеуге жол ашты.
Ресми деректерге сүйенсек, жоба іске қосылғаннан бері қала тұрғындары 619 481 рецепт бойынша дәрі-дәрмекпен қамтылған. Соның ішінде 562 525 рецепт QR-код арқылы рәсімделіп, жоспардың 90,1 пайыздық көрсеткіші орындалыпты. Бұл жаңа жүйеге тұрғындардың тез бейімделгенін көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, «Әлеуметтік әмиянның» басты артықшылығы ашықтық пен бақылау . Бұрынғыдай қағаз құжаттың жоғалуы немесе дәрінің қозғалысын бақылау қиындық туғызбайды. Қай дәрі қоймадан шықты, қай дәріханаға жеткізілді, науқасқа қашан берілді бәрі жүйеде анық көрініп тұрады. Бұл өз кезегінде дәрілік заттардың уақытылы және әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаңа жүйе дәрігерлер мен фармацевтердің жұмысын да жеңілдетті. Бұрын қағазға толы есеп-қисап жүргізіп келген мамандар қазір уақытын тікелей емделушілерге арнауға мүмкіндік алып отыр.
Цифрлық мүмкіндікті қолдана алмайтын азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. EGOV мобильді қосымшасын пайдалана алмайтындар үшін 1414 қызметінен SMS-код арқылы дәрі алу мүмкіндігі енгізілді. Бұл смартфон қолданбайтын немесе цифрлық сауаттылығы төмен тұрғындарға ыңғайлы шешім болып отыр.
Денсаулық сақтау саласының мамандарының айтуынша, «Әлеуметтік әмиян» жобасы алдағы уақытта да жетілдіріліп, тұрғындарға дәрілік заттарды беру тетігі толығымен автоматтандырылады. Жоба іске асырылғаннан бері дәрігерлер мен фармацевтер жұмысы едәуір жеңілдеп, халық тарапынан оң пікірлер айтылып отыр.