«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында ел қорғаны полиция мамандығына жас жеткіншектердің қызығушылығын арттыру мақсатында Шымкент қаласында ашық есік күні өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары, сондай-ақ, ата-аналар қатысып, құқық қорғау саласының бір күндік тыныс-тіршілігін көрсетті. Осылайша тәртіп сақшылары жас буынның болашақ мамандық таңдауына жол көрсетіп, ішкі істер органдарының тарихымен таныстырды.
Іс-шара барысында қонақтар жедел басқару орталығына барып, бейнебақылау жүйесі арқылы қоғамдық тәртіптің қалай қамтамасыз етілетінін өз көздерімен көрді. Сондай-ақ, заманауи техника мен арнайы құрал-жабдықтармен танысып, криминалистердің қылмысты ашудағы жұмысын бақылады. Жастар ішкі істер органдарының тарихына шолу жасап, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
«Ашық есік күнінде біз көптеген қызықты мәліметтер алдық. Біз полицейлердің жұмысымен таныса отырып, олар бізді қалай қорғайтынын, қалай әрекет ететіндерін көрдік. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Бізге оңай болып көрінген дүниелердің артында қаншама тер, қаншама еңбек барын көзімізбен көрдік. Қазақстан полициясы жасай берсін»,- дейді ашық ескі күнінде полицияның бір күндік жұмысымен танысқан оқушы Айару.
Іс шара барысында күн-түн демей адал қызмет етіп жүрген полицейлерді қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов құттықтап, әріптестеріне сәттілік тіледі.
Полиция мамандығы әртүрлі дағдылар мен қасиеттерді талап етеді.
Полиция қызметкерінің негізгі міндеті — қылмыстықпен күресу. Ол қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмыс орындарын зерттеуге, азаматтарға көмек көрсетуге және басқа да қызметтермен өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді. Айбынды мамандармен жақынырақ танысып, олардың қызметтерінің қыиндығын, ауырлығын әрі қауіптілігін, сөйте тұра өте қызықты, жауапты, абыройлы екеніне жас жеткіншектер бүгін көз жеткізді.
Мемлекет басшысы Қ.Кемелұлы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек құндылығын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні ретінде атап өтті. Полиция мамандары ел үшін адал қызмет етіп, тыныштығын күзеткен нағыз батыр жандар дер едік.