Қала әлі де тәтті ұйқы құшағында жатыр. Көшелерді мең-зең тыныштық көмкерген. Тек анда-санда сығырайып тұрған шам жарығы мен көкжиектен сығалаған бозалаң таң ғана жаңа күннің басталғанын еске салады. Бұл мезетте жұрттың көбі әлі де түс көріп, шырт ұйқыда. Бірақ өмірдің ырғағы өзгеше ағатын, күні қалың ел оянбай жатып басталатын жандар бар.
Солардың бірі – қарапайым болмысымен дара, еңбегімен елеулі Шымкент қаласының тұрғыны Назипа Айтулова. Ол көзге көп түсе бермейтін, бірақ қаланың тынысын күзетіп, көшенің айнадай тазалығын сақтап жүрген жан. Таңғы самалға ілесіп, қолына сыпырғысын алған ол үшін бұл тек тіршілік қамы емес, өмірінің мәніне айналған еңбек.
Назипа апай бүгінде аяулы ана, ардақты жар, мейірімді әже. Үйінде немерелерінің шат күлкісін тыңдап, шаңырағына береке сыйласа, сыртта қаланың тазалығын күзетіп жүрген еңбек адамы. Ол бір күнін де қалыс қалдырмайтын, қаланың көркін кіргізу үшін ала таңнан тіршілікке кірісетін жандардың бірі.
Назипа Айтулованың еңбек жолы бірден аула сыпырудан басталған жоқ. Жастық шағында зауытта лаборант болып, талай жыл маңдай терін төкті. Өндіріс тоқтап, зауыт жабылғаннан кейін де қол қусырып қалған жоқ, тағдыр оны әртүрлі салаға жетеледі. Уақыт өте келе, 2007 жылы шаһардың тазалығы мен сән-салтанатына үлес қосу үшін аула сыпырушы қызметіне кірісті. Содан бері бұл жұмыс оның өмірлік серігіне айналды.
- «Алғашқы күндерім әлі есімде. Қиын да, қызық та болды. Таңғы бесте тұрып, сыпырғыны қолыма алу біртіндеп өмір салтыма айналды. Қазір демалыс болса да, сол уақытта оянып кетемін. Ұйықтай алмаймын. Кейде үйдегілерге тыныштық бермей қоямын», – деп күледі Назипа апай өткен күндерін еске алып.
Иә, бұл еңбек сырттай қарағанда оңай көрінгенімен, жүріп өткен әрбір күні өз сынағымен, өз салмағымен келеді. Сыпырғы мен қоқыс қана емес, күн сайын адамдардың сан алуан мінезімен бетпе-бет келу осы жұмыстың ең қиыны. Назипа апайдың айтуынша, кейбір тұрғындардың түсінбеушілігі жанға батады.
- «Көшеге қоқысын төге салады. Кейде ауыр сөздер айтады. Бірақ бәрі бірдей емес қой. Кішкентай оқушылар жаныма келіп, жағдайымды сұрайды. Үлкен кісілер алғысын білдіреді. Сол сәттерде еңбегіміздің бағаланғанын сеземіз», – дейді ол жүрек түкпіріндегі сөзін жайып салып.
Осы бір қарапайым әңгімеден-ақ үлкен шындықты аңғаруға болады. Қаладағы әрбір тап-таза көше, әрбір көрікті алаң, әрбір әсем көріністің артында осындай еңбекқор жандардың маңдай тері жатыр. Тазалық сәннің де, салтанаттың да бастауы. Дегенмен, аула сыпырушылардың еңбегі көп жағдайда көзге көрінгенімен, лайықты бағасын ала бермейтіні өкінішті.
Назипа апай да осы мәселені алға тартады: «Біздің жұмыс тек өзіміз үшін емес, әр тұрғын үшін маңызды. Тұрғындардан бір-ақ өтінішім бар: қоқысты қоқыс жәшігіне тастаса екен. Бұл біздің еңбегімізді құрметтегендеріңіз. Тазаланған жерге қайта қоқыс тастап, “істемейсіңдер” деп ренжитіндер бар. Ол сөз бізге ауыр тиеді», – дейді ол жан сырымен бөлісіп.
Шындығында, Назипа апай сынды жандардың өмір жолы қарапайым еңбектің нағыз айнасы. Олар үшін еңбек тек күнкөріс қамы емес, қоғамға пайда әкелетін адал жол, жүрек қалауы. Әрбір тұрғын таңғы таза көшеге шыққанда, тап-таза аулаға қадам басқанда, осы еңбектің артында осындай мейірімді де еңбекқор адамдардың тұрғанын бір сәт ойға алса, бәлкім, олардың да жүгі жеңілдеп, еңбегі еленер еді.
Осылайша әңгімесін тәмамдаған Назипа апай тағы да таңғы самалмен бірге көшеге беттеді. Қолына сыпырғысын нық ұстап, қаланың тынысын күзетуге кірісіп кетті.