Шымқала күн сайын жаңарып, гүлденіп келе жатқан алып шаһар. Қала көшелері кеңейіп, заманауи мектептер мен спорт алаңдары бой көтеруде, тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайлары жасалуда. Бұл тек қана құрылыс қарқыны емес, болашаққа бастар жолдың нышаны. «Ертеңі бүгіннен өнген» дегендей, сол болашаққа жол ашу үшін мемлекет қажетіне жарату мақсатында жер телімдерін қайтару заңды әрі маңызды процесс.
Жыл басынан бері Шымкентте 254 жер учаскесі мемлекет иелігіне қайтарылды. Бұл туралы Сәрсен Абайұлы әр апта сайын өткізетін баспасөз брифингінде мәлімдеді. Ресми ақпарат бойынша, мемлекет жеке меншікке қол созғанда әділеттілік пен парасатты жолды басты назарға алған. Нәтижесінде 207 жер иесіне 5,1 миллиард теңге өтемақы төленді, кейбіріне балама жер телімдері ұсынылды. Алты азамат өз еркімен жерін мемлекетке тапсырса, тағы бірнеше жағдай сот арқылы әділ шешім тапқан.
Ең қызығы – жалпы ауданы 57 гектардан асатын 7 жер учаскесі ешқандай өтемақысыз мемлекет меншігіне өтті, осылайша 500 миллион теңге бюджет қаржысы үнемделді.
Бұл үнемделген қаражат енді қала тұрғындарына арналған әлеуметтік жобаларға бағытталмақ. Мемлекетке өткен жер учаскелерінің барлығы ертеңгі күні Шымкенттің дамуына қызмет ететін болады. Мысалы, Қонаев даңғылының 5 кезеңі. Жол құрылысына арналған 270 жер учаскесінің 248-і мемлекетке қайтарылып, өтемақы төленді. Осы жолдың ашылуы қаладағы көлік ағынын жеңілдетіп, жүріс-тұрысты әлдеқайда ыңғайлы етпек.
Тұран ауданындағы А2 автожолы да жаңармақ. Бадам өзенінен Қазығұрт шағын ауданға дейінгі айналма жолға 80 жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтарылады, қазір 23-іне өтемақы төлеу жұмыстары жүріп жатыр.
С.Бәйтереков көшесінің жалғасы да назарда. Ы.Алтынсарин көшесіне дейінгі қайта құру жобасы үшін 56 жер учаскесінің 33-і мемлекетке өтті. Жобаның аяқталуы қаланың көлік жүйесін айтарлықтай жеңілдетеді.
Қаратау ауданында салынып жатқан үлкен стадион мыңдаған жасқа арман қуып, өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді, ал Абай ауданындағы көшелердің жаңаруы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, өмірді жайлы етпек.
Міне, осы барлық игілікті жобалар бүгінгі күні мемлекетке қайтарылған жер учаскелерінің есебінен жүзеге асады. Яғни, әрбір қайтарылған жер телімі Шымкенттің болашағын көркейтіп, қала өмірін жеңілдететін нақты нәтиже.