Елімізде жаз сайын ең көп талқыланатын әрі көпшіліктің назарын аударатын үлкен жаңалықтың бірі – білім гранттарының нәтижесі. Бұл күн жас талапкерлер үшін тағдырлы сәт десек, қателеспейміз. Бірі қуаныштан шаттанып, арман оты көзінде жарқырап жүрсе, екіншісі көңілі су сепкендей болып, еңсесі түсіп жатады.
Биыл да осындай күйді бастан өткерген жас түлектер аз болған жоқ. Дегенмен, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауы арқасында көпшілігінің сағы сынбай, қайтадан үміт оты жанды. Бұл жағымды жаңалықты Сәрсен Абайұлы жаз маусымындағы соңғы брифингінде мәлімдеді.
Қала әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылып, бакалавриаттың 25 білім беру бағдарламасы бойынша 285 гранттық орын бөлінді. 14–20 тамыз аралығында құжат қабылдау жүргізіліп, нәтижесінде 207 талапкер қосымша грант иегері атанды.
Алайда, бөлінген орындардың 78-іне әлі өтінім түспеген. Бұл – «үлгермей қалдым» деп қынжылып жүрген жергілікті талапкерлерге, әрі өзге өңір түлектері үшін үлкен мүмкіндік. Алайда, бір маңызды шарт бар: грант иегері оқуын тәмамдаған соң кемінде үш жыл Шымкент қаласында еңбек етуге міндетті.
Қосымша конкурс 27–28 тамыз күндері өтеді. Демек дәл осы екі күн талапкерлер үшін шешуші кезең болмақ. Жастарға ұсынылып отырған білім ордалары елге белгілі, беделді оқу орындары:
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – 40 орын;
Ө.Жәнібеков атындағы педагогикалық университет – 20 орын;
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – 8 орын;
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті – 10 орын.
Грантқа құжат тапсыру рәсімі болашаққа апарар алғашқы баспалдақ іспетті. Үміткерлер жоғары оқу орнына барып, келесі құжаттырды құнттауды ұмытпаңыздар.
- еркін үлгіде жазылған өтініш;
- білім туралы құжаттың түпнұсқасы;
- жеке куәліктің көшірмесі;
- 3х4 көлеміндегі алты фотосурет;
- 075-У нысанындағы медициналық анықтама;
- ҰБТ сертификаты;
- ведомостан үзінді (бар болған жағдайда);
- электрондық грант куәлігі (бар болса);
- артықшылық беретін өзге құжаттар (бар болса).
Бұл бастама жастарға тек білімін жалғастыруға ғана емес, Шымқаланың болашағын қалыптастыруға үлес қосуға жол ашпақ. Өйткені бүгінгі студент – ертеңгі маман, бүгінгі талапкер – ертеңгі қала тірегі. Армандарын үзбеген жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті тиімді пайдалану талапкердің өз қолында.