Еліміздің өсіп-өркендеу жолында еңбек адамдарының сіңірген үлестері мол. Сондықтан адалынан наны тауып, маңдай терімен еңбек етіп жүрген қарапайым мамандар қандай құрметке де лайықты. Еңбек адамдарының ішінде тәртіп сақшыларының жұмысы жауапкершіліктен құралған. Себебі тұрғындардың, елдің тыныштынығын күзету батылдықты, ептілікті, қырағылықты және білімді қажет етеді. Шымкентте осындай әмбебап тәртіп сақшысы бар. Оның қызметі Шымқаламызға келген туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі Туристерге қызмет көрсету взводының қызметкері – полиция капитаны Диана Есенгелдиева жәй ғана пагонды қыз емес. Ол мемлекеттік тілден бөлек, тағы 5 тілде еркін сөйлейтін өз ісінің нағыз шебері. Бойжеткен жастайынан әлем тілдерін меңгеруге құмар болған.
Қазақша, орысша, ағылшын, неміс, өзбек және түрік тілі. Диана күнделікті осылай 6 тілде туристерге қызмет көрсетеді.
«Күнделікті 2-3 сағат уақыт бөлемін. Интернет желісінен ізденіп, кез келген бір сөз таныс болмай жатса іздеп тауып, өзіме белгілеп қоямын. Сол сөздерді күнделікті жаттап жүремін. Қала қонақтары біздің сөйлеу мәдениетіміз бен оларға деген ілтипатымызға қарап, еліміздің полициясы туралы пікір қалыптастырылады. Сондықтан көмек сұрай келген азамататрға қолымнан келгенше қызмет көрсетемін »,- дейді кейіпкеріміз.
Бойжеткен жас кезінен-ақ әке жолын қуып, тәртіп сақшысы болуды мақсат еткен. Ал көп тіл білу оның жалықпай игеріп келе жатқан басты дағдысы. Осы арқылы кез келген жағдайда ұлты мен түріне қарамастан шетелдікпен еркін пікірлесе аламын дейді ол.Диана осыдан төрт жыл бұрын «Тіл шебері» республикалық байқауында жеңіпаз болды.
Диана бала күнінен иттерді жақсы көретінін айтады. 3 овчарка итті өсірген екен. Бос уақытында сол төбеттерге көңіл бөліп, олардың күтімімен айналысады. «Иттер маған қарбалас өмірден бір сәт демалуға мүмкіндік береді. Олардың жанында еркіндікті, тыныштық пен мейірімділікті сезінемін. Осы уақытқа дейін 3 ит асырадым. Оларға қызметтік иттер сиқты бұйырқыты орындауға үйреттім. Кейде адамдар мені кинолог деп ойлап қалады»,- дейді сақшы қыз.
Жедел қызметті жаны сүйетін полицей жұмыс барысында қиындыққа тап болған азаматтарға барынша жылдам көмектесуге тырысады. Талапшыл, еңбекқор, білімпаз Диана Рустамқызы жастарға нағыз үлгі боларлық жан.