Қ.Тоқаев Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген болатын. Президент айтқандай өз міндетін адал атқарып жүрген жандар елімізді гүлдендіреді.
Қаланың тазалығына қарап сол шаһардың әлеуетін тануға болады. Қаланың таза болуы бұл – біріншіден, сол қаланың тұрғындарына жайлылық сыйласа, екіншіден, қонақтарға жақсы әсер сыйлайды. Сондықтан тазалық күн тәртібіндегі бірінші мәселе. Алып шаһардың тазалығын ұстау оңай шаруа емес. Мұның артында мыңдаған жұмысшы мамандардың адал еңбегі жатыр. Коммуналдық сала қызметкерлері – тазалықтың жаршыларына айналған нағыз еңбек адамдары. Бұл салада отбасымен тер төгіп жүргендері де табылады. Солардың бірі ерлі-зайыптылар - Әбуәлі Бекзат пен Дильфуза Исмаилова да бар. Олар «Қаратау» аудандық коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қызмет атқарады. Еңбекқор жандар Қаратау ауданына тиесілі көпқабатты үйлер мен ішкі орам жолдарының таза болуына үлес қосып келеді.
Дильфузаның бұл жұмыспен айналысқанына 6 жыл болыпты. Жолдасы екеуі бірге аула тазалайды. Күн сайын таңғы сағат 08.00-де келіп, өз міндеттеріне кіріседі. Әр үйдің жанына қойылған қоқыс жәшіктерін босатып болған соң, ауланы сыпырады.
«Жұмысымызды оңай деп айта алмаймын. Жыл мезгілінің кез-келген уақытында өзінің қиындықтары болады. Жазда аптап ыстық, ал қыста суық. Жаңбыр жауғанда малмандай су болып қалатын сәттер де кездеседі. Ал күз мезгілінде жұмыс қарқыны арта түседі. Жапырақтар сарғайып, жерге көптеп түсіп жатыр. Оларды дер кезінде тазалап тұрмасақ, жұмысымыз көрінбейді. Қыста аулалардағы қарды күрейміз. Күрек пен сыпырғымыздың бос тұрған кезі болмайды. Әрдайым жұмыс табылады», – дейді Д.Исмаилова.
Ерлі-зайыптылар бүгінде 5 баланы өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған.