2025 жылғы 16 тамыз күні Шымкент қаласының аумағында «Таза қала» атауымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Аталған іс-шара санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту және қаланы абаттандыру мақсатында өткізілді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мамандары хабарлағандай сенбілікке қала әкімдігінің басқармалары мен құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері, аудан әкімдіктерінің мамандары, коммуналдық қызмет өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты. Шара барысында аулалар мен көшелер, саябақтар мен өзендер маңы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөп шабу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Қаратау ауданы аумағында 440 қызметкер мен Тазалық жұмыстарын тиімді жүргізу үшін 25 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 46,9 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 240 адам мен коммуналдық қызмет жұмысшылары тартылды.
Еңбекші ауданындағы тазалық жұмыстарына 400-ден астам адам мен 33 техника қатысып, кең көлемді санитарлық жұмыстар жүзеге асырылды. Ал Абай ауданында 500-ге жуық адам мен 15 техника жұмылдырылып, қураған бұтақтарды кесу, шөп шабу, көшелерді тазалау жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастама қала тұрғындарының санитарлық-экологиялық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ, Шымкент қаласының көркеюіне оң ықпал етуде.
Қаланың тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. Сенбілікке қатысқан ардагерлер, жастар және белсенді азаматтар бұл бастамаға үнемі қолдау білдіріп келеді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
« Құрметті қала тұрғындары! Аула мен қоршаған ортаның тазалығы — әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Таза әрі жайлы өмір сүру үшін баршаңызды тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырамыз. Қаламыздың көркеюі үшін күн сайын еңбек етіп жүрген коммуналдық қызмет мамандарының еңбегін құрметтеп, олардың жұмысына түсіністікпен қарап, өз аулаларымыз бен көшелерімізді таза ұстауға барынша атсалысайық.Ұмытпайық, тазалық – өзімізден басталады!»,- дейді ұйымдастырушылар.