Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы өтті. Президент алдымен дәстүрлі жиынды ашып, еліміздегі білім беру саласындағы басым бағыттарға тоқталып өтті.
«Әлем жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Оның басты нышанын инновацияның қарқынды дамуы мен жасанды интеллектінің өмірімізге дендеп енуінен байқауға болады. Сондықтан бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз.
Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады.
Бүгінде еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамы жылдам интернетпен қамтылған. Аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Жерсерік жүйелерінің мүмкіндіктерін осы мақсатқа пайдалануға болады. Мұны жай ғана инфрақұрылымға теңдей қол жеткізу мәселесі емес, әлеуметтік әділдіктің маңызды идеологиялық қағидаты ретінде қарастырған жөн.
Сонымен қатар озық инновациялық тәсілдер ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуына жол ашып, инклюзивті орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Елімізде мектепке немесе колледжге қабылдау, сондай-ақ, басқа мектепке ауысу бойынша барлық негізгі қызметтер цифрлық жүйеге көшірілген. Электронды Үкіметтің мобильді қосымшасында білім саласына қатысты барлық ақпарат жиналған Bilim қызметі жұмыс істеп тұр»,- деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, конференцияның негізгі бағыттары мыналар:
- «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқыту мен тәрбиелеудің интеграциясы;
- техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы кәсіби бағдар беру және болашақ (hard, soft, digital) дағдыларды қалыптастыру;
- әдеп, қауіпсіздік және сапаны ескере отырып, орта білім беруге жасанды интеллектіні енгізу;
- «Қазақстан балалары» стратегиясын жүзеге асыруда мүдделі органдардың өзара іс-қимылын дамыту;
- мектептерде инклюзивтік білім беру тәжірибесін жетілдіру.
1 500-ден астам адам қатысқан биылғы тамыз конференциясы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты тақырыбында өтті.