Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялаған болатын. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және білімді де білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Ы.Алтынсаринның жүздеген жыл бұрын айтқан «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөзі бүгінде өзінің өзектілігін жойған жоқ. Еңбексүйгіш, еңбекқор адам қашанда құрметке лайықты жан.
Кейіпкеріміз – Сәкен Ордабеков медицина саласында табанды қызмет етіп келе жатқан еңбек адамы. Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету станциясының бекет меңгерушісІ бұл қызметтің оңай емес екендігін алға тартады.
Денсаулық сақтау саласындағы негізгі көмектің бірі – жедел жәрдем қызметі. Қоңырау шалып, көмек сұраған науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсету – жедел жәрдем қызметінің басты міндеті. Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласының тұрғындарына алғашқы көмек көрсету оңай шаруа емес. Бұл мамандарда әр секунд санаулы, жылдам әрі нақты көмек көрсетпесе арты өкінішке ұласуы мүмкін. Алайда Сәкен Ордабеков секілді тіс қаққан мамандар үшін бұл күнделікті үйреншікті жұмыс.
«Шымкент қаласы бойынша 10 бекет орналастырылған. Ол бекеттердің әрқайсысы әр тұрақты орнатылған. Қызмет сапасы жоғары. Халыққа тез арада жету үшін қаламызда 7 бекет тұрақты түрде жұмыс атқарады. Сонымен қатар, Тұран және Әл-Фараби ауданының тұрғындарына да қызымет көрсетеді. Біздің міндетіміз – науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсету. Елдің алғысы біздің мерейімізді өсіріп, қанаттандырады»,- дейді кейіпкеріміз.
Білікті медицина қызметкері он жылдан аса саланы дамытуда қызмет етіп келеді. Бүгінге дейін 10 мыңнан аса науқасқа шақыртуға шығып, сәтті реанимация жасаған. Ұжымдастары оны адамгершілігі, ізеттілігі мол әріптес деп бағалайды. Мыңдаған науқастардың алғысын арқалап жүрген ақ халатты абзал жанның еңбегін билік өкілдері де еледі. Сәкен Әскербекұлы өткен жылы «Өз кәсібінің үздігі-2024» республикалық конкурста «Ең үздік жедел жәрдем дәрігері» атанып, ҚР Денсаулық сақтау министрінің қолынан марапат алған жан.
Еліміздің медицина саласы Сәкен Әскербекұлы секілді антына адал, халқына жанашыр, жұмысына тиянатқы білгір де, білімді, жұмысшы мамандардың арқасында қарыштап дами бермек.