Биыл Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылады, еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс», - деп түйіндеген еді.
Шымкентте жергілікті билік органдары білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, инфрақұрылымды жаңарту үшін қажетті қаржыны дер кезінде жоспарлап, есепке алып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай қазіргі таңда бұл бағытта бірнеше нақты жобалар жүзеге асырылуда.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай қаладағы 25 колледждің базасын нығайту жоспарланған. Олардың қатарынада: Индустриалды-техникалық колледжі, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі, Политехникалық колледж, Жол-көлік колледжі, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі, Шымкент аграрлық-техникалық колледжі бар. Сондай-ақ, былтыр Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің студенттері үшін 95 орындық жатақхана салынса, биыл арнаулы мемлекеттік қор қаржысы есебінен Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінде 300 орындық жатақхана құрылысы жүріп жатыр.
Білім сапасын арттырып, тәжірибемен ұштастыруда жұмыс берушілер маңызды рөл атқарады. Олар оқу орындарындағы жабдықтарды сатып алуға, студенттер үшін өндірістік оқу мен тәжірибе ұйымдастыруға қаржылай қолдау көрсетіп жатады. Мұндай ынтымақтастық шаралары оқу орындарының материалдық базасын жақсартумен қатар, студенттерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвесторлар да білім ұйымдарының материалдық базасын жаңартуға өз үлестерін қосып, жаңа ғимарат пен жатақхана салу, барлық объектілерді модернизациялау және қайта құру, заманауи технологиялар мен жабдықтарды енгізу бағытында инвестиция салуы мүмкін. Мұндай қолдау оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.
2024-2025 оқу жылында Шымкенттегі 40 кәсіптік-техникалық білім ұйымдарынан 15 мыңнан аса түлек шықты. Алдағы жылдары да техникалық-материалдық базасы мықты білім ордасында оқыған студенттер арасынан білікті, бәсекеге қабілетті мамандар шығып, жаңа буын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосатынына сенім мол.