Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сумен жабдықтау жүйесі іске қосылған Текесу тұрғын алабын аралады. Өңірлік коммуникациялыр қызметі хабарлағандай мегаполис басшысы жергілікті тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтап, жобаның маңыздылығын атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар әкімнің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Халықпен кездесулердің бірінде жергілікті тұрғындар ауыз суға тұрақты қол жетімділіктің жоқтығына назар аударған болатын.
Жоба 130 абонентті сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталып, 14 шақырым су құбыры жүргізілді. Жұмыстар демеушілер қаражаты есебінен жүргізілді.
Қала әкімі демеушілер мен мердігер ұйымдарға көрсеткен әлеуметтік жауапкершіліктері үшін алғысын білдірді. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде жергілікті халық санитарлық талапқа сай таза, үздіксіз ауыз суға қол жеткізді.
Қазіргі таңда Шымкентте 81 елді мекеннің 80-інде ауыз су жүйесі жүргізілген. Айта кетейік, биылғы жылы қалада бірнеше нысанның құрылысы аяқталды, соның нәтижесінде 27 мыңға жуық тұрғын ауыз су жүйесіне қосылып, ауыз сумен қамту деңгейі 99%-дан 99,5%-ға өсті. 2024 жылы 10 нысанның құрылысы жүргізілді, олардың ішінде Сайрам, Бозарық, Қайтпас-1 елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерінің құрылысы бар. 2025 жылы 4 нысанның құрылысы жалғасып, аяқталуы күтілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде қаланың көптеген бөліктерінде ауыз су жүйесін жақсарту көзделген. 2025 жылы жаңа жобалар да іске қосылады, оның ішінде Қызылжар-2 елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылатын болады. Қаладағы жаңа құрылыс аумақтарында да ауыз су жүйелерін дамыту бойынша жұмыстар жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта су тапшылығы мәселесі әсіресе жаз мезгілінде байқалады. Қала тұрғындарының сағат 16:00-22:00 аралығында суды көп пайдалануы су қысымының төмендеуіне әкеліп отыр. Бұл жағдай әсіресе қаланың батыс, орталық және оңтүстік бөліктерінде байқалады. Су құбырының жұмыс істемеуі және су сақтағыштардың тозуы осы проблеманы ушықтырып отыр. Осы мәселені шешу үшін, Сайрам шағынауданында қосымша ұңғымалар қазылып, су жинақтағыш құрылыс салу жоспарлануда.
Жалпы, мегаполисте ауыз су жүйесін дамыту мен жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы жобалар арқылы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беріледі.