«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай расында, адамзат пайда болғаннан бері өзінің қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келеді. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді.
Ел ертеңінің іргетасын қалыптастырушы жас буынның бойында парасаттылық құндылықтарын кең көлемде дәріптеу және адал еңбекке баулу бүгінгі мемлекет саясатындағы басым бағыттардың бірі.
Жұмыс істеу күнкөріс көзі ғана емес, жеке тұлғаның қалыптасып, қоғамда орнын табуына негіз болатын фактор. Әрбір жас үшін еңбек нарығында алғашқы қадам жасау һәм кәсіби жолын бастау үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді.
«Еңбек ресурстарын дамыту орта¬лығы» АҚ-ның «Болашақ жұмыс күші: Қазақстанның еңбек нарығындағы жас¬тар» атты үшінші баяндамасында нарық¬тағы жастардың жыл сайынғы ағыны 300 мың деп көрсетілген. Оларды еңбекке баулу үшін мемлекет мейлінше әрекет етіп жатыр. Мәселен кейінгі бес жылда республикада тұрақты негізде «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және арнайы грант секілді бағдарламалық тетіктер қарастырылған.
Жастардың игілігі үшін әзірленген бағдарламаларды түсіндіру мақсатында таяуда Шымкентте Көмешбұлақ базарының жастарына ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығының Тұран ауданы мансап орталығының мамандары — Атырханов Ербосын Атырханұлы мен Сүгір Ғазиз Мұханұлы қатысып, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мамандар жастарға «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс», «Ерікті қоныс аудару», кәсіпкерлікке оқыту курстары және Enbek.kz порталы туралы толық ақпарат ұсынды.
Кездесу барысында ақпараттық парақшалар таратылып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
Бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуда кейбір жастарымыздың психологиясында қалыптасқан шеттен тыс қанағатшылдық сезімі еңбек жолында табысты нәтижеге қол жеткізу үшін тәжірибе жинақтауға, жаңа мақсат-мүдделерге, болашаққа талпынуға кедергі келтіреді. Керісінше, жастар еңбек етуде үнемі жаңа қарқынға заманауи сұраныстарға сай болып отыру мақсатында өз-өзін үнемі жетілдіріп қамшылап отыруы қажет.