Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру мақсатында мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі – білікті жұмысшы мамандарды даярлаудың түпқазығы. Бүгінгі күннің басты талабы - еңбек жағдайының жедел өзгеруіне бейімделуге қабілетті, өндіріс процесіндегі заманауи өзгерістер мен жаңа техниканы меңгерген, жұмысшы мамандарды даярлау.
Осыған орай Еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, Шымкент қаласында салалық басқармалардан түскен ұсыныстар негізінде 46 білім беру бағдарламасы бойынша жалпы 542 орынға кадр қажеттілігі айқындалды. Бұл жұмыстар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелеріне мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына сай жүзеге асуда.
Айта кетейік, бюджеттік өтінімге сәйкес, 2025 жылы әкімдік гранты шеңберінде 285 орынға қаржыландыру қарастырылған.
Қазіргі заманда білім беру мен өндіріс арасындағы өзара серіктестік — елдің кадрлық әлеуетін қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы тығыз байланыс нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Колледждер мен шефтік кәсіпорындар арасындағы әріптестік кадрлар даярлау ісінің сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал етуде.
Шымкент қаласы бойынша шефтік қамқорлыққа алынған 29 колледж бар, оның ішінде: 11-і мемлекеттік, 18-і жекеменшік колледж. Оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде жаңартылып, өндірістік тәжірибе мен дуалды оқыту тетіктері кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, қаладағы 29 колледж 187 кәсіпорынмен тұрақты серіктестік орнатқан. Оның ішінде: 46 – ірі кәсіпорын, 107 – орта бизнес субъектісі, 34 – шағын бизнес субъектісі.
Сонымен қатар, 2649 студент 22 колледжде 152 жұмыс берушімен бірлескен мақсатты кадрлар даярлау жобасы аясында білім алуда. Бұл жоба студенттерге тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік ортада кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беруде. Ал мұндай тәжірибелер өз кезегінде жұмысшы маманның сапасын арттырары сөзсіз.