Қошқар Ата өзені Шымшаһар аумағындағы жалғыз өзен, қаланың күретамыры саналады. Бұл өзен қала ішінде ҚошқарАта, Қарасу болып екі арнамен ағып өтеді. Өзеннің тазалығын сақтау қаланың әрбір тұрғыны үшін маңызды болуға тиіс. Қошқар-Ата өзені қаланың тарихы. Сондықтан оны күтіп ұстау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Осы орайда, Шымкентте экологияны жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала әкімдігінің бастамасымен Қошқар-Ата өзенінің жағалауын бекіту және абаттандыру жобасы қолға алынды.
Қазіргі таңда Жангелдин көшесінен Алпысбаев көшесіне дейінгі 3,5 шақырымдық аумақта жағалауды инженерлік тұрғыда бекіту, инфрақұрылымды дамыту және жасыл аймақтар құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жобаның басты мақсаты – табиғи нысанды эрозиядан қорғау және қала тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз демалыс кеңістігін қалыптастыру.
Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар төселіп, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады. Сондай-ақ, аумақты көгалдандыру және санитариялық тазалықты сақтау бағытында да нақты шаралар қабылданған. Қала қызметтеріне өзен жағалауындағы жасыл желекті сақтау, қоқысты уақтылы жинау және шығару бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Қошқар-Ата өзені – Шымкент қаласы үшін маңызды экологиялық және рекреациялық аймақ. Жағалауды абаттандыру жобасы бұл аумақты заманауи демалыс орнына айналдыруға бағытталған. Жаңа серуендеу аймағы тұрғындарға отбасылық демалыс, серуендеу мен белсенді тынығу үшін барлық жағдайды ұсынатын болады.
Қала басшылығы тұрғындарды өзен маңындағы тазалықты сақтауға, қоғамдық кеңістіктерге жанашырлықпен қарауға шақырады. Табиғи аумақты қорғау әрбір шымкенттіктің ортақ жауапкершілігі.
Қала әкімі талдау жұмыстары барысында Қошқарата өзені бойының біраз жерін жаяу аралап, заңсыз салынған құрылыс нысандарын алып тастау жөнінде тапсырма берген. Қошқаратаның жалпы ұзындығы 23 шақырым. Мамандардың айтуынша, өзен жағалауын абаттандыру жұмыстары жыл сайын кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
Шаһарда жайлы микроклимат қалыптастырып, жасыл желектердің санын арттыру мақсатында қылқан жапырақты талдардың орнына жапырақты, көлеңкесі молынан түсетін үйеңкі, шынар секілді ағаштар егілуде.