Қаланың өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері мен тынымсыз тірлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің берекесі. Әсіресе ел экономикасының күре тамыры - мұнай-газ саласында күндіз-түні еңбек етіп жүрген азаматтар – өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Сондай еңбек десе ішкен асын жерге қоятын жанның бірі – Өркен Бәйденов. Жас маман үшінші мегаполистегі ірі мұнай компаниясы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де (ПҚОП) №1 цехының жеңіл нафтаны изомерлеу қондырғысының механигі болып қызмет атқарады.
32 жастағы маман алғашқы еңбек жолын 2018 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін тәмамдағаннан кейін Шымкент мұнай өңдеу зауытында бастады. Өркенді үнемі түрлі құрал-жабдықтар, технологиялық машиналар мен механизмдердің жұмысы қызықтырады.
«Зауыттағы жұмыс өтілім 7 жылды құрайды. 2018 жылы зауытқа жұмысқа қабылдандым. Сол уақыттан бері осында еңбек етіп келемін. Қондырғы механика жауапкершілік пен тұрақты дамуды, ұмтылыс пен жауапкершілікті, мұқияттылық пен табандылықты талап ететін тәжірибелі мамандық. Мамандығым өзіме ұнайды. Әрі ұжымымыз да керемет. Ерінбей еңбек ету керек. «Еңбек етсең – емерсің, ерінбесең – жеңерсің» деген. Ауа райының ыстығына, суығына қарамай, жұмысты сапалы әрі қауіпсіз жүргізу ауадай қажет. Себебі оқыс оқиғалар ұсақ қателіктен туындайды. Адам өмірі – бәрінен қымбат. Жастар өз мамандығын жақсы көріп, соған шын көңілмен берілсе, міндетті түрде жетістікке жетед. Алға қойған мақсатым, жоспарым – еліміздің мұнай-газ саласының дамуына қз үлесімді қосқым келеді!»,- дейді Өркен.
Өркен өз мамандығын және осындай ірі өндіріс орнында жұмыс істейтінін мақтан тұтады. Ол «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобында өткізілетін «Үздік маман» конкурсында бірнеше рет жүлдегер болған.
Қоғам дамуының да, адамзат өркениетінің де өзегі өнімді еңбек екені белгілі. Ендеше, әлемнің әмір¬шісі – еңбек. Ал жеке адамның өмірі¬нің алтын арқауы осы маңдай тер, табан ақы, адал еңбекпен өріле¬тіні анық. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиын¬дық¬ты жеңбек.
Мұнай-газ саласы сияқты күрделі әрі жауапты салада қажырлы еңбек етіп жүрген Өркен Серікұлы өндірістің тетігін тауып, адал қызмет атқарып жүрген білікті де, қайратты маман. Осындай жастарымыз барда өлкеміз өркендеп, өсе берері хақ.