Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекітті. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау керектігін айтты. Еңбек адамының мәртебесін көтеріп, жұмысшы мамандықтарды насихаттау аясында Шымкент қаласында игі істер атқарылуда. Әсіресе жиі өтіп тұратын бос жұмыс орындарыны жәрмеңкесінің тұрғындарға берер пайдасы мол.
«Биылғы жылды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Біз осы жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру аясында Үкіметтің кешенді жоспарының негізінде Өңірлік жоспарды әзірледік. Сол жоспар бойынша біз тоқсанына бір рет «Жұмысшы мамандықтар жәрмеңкесін» ұйымдастыратын болып бекіттік. Бұл жәрмеңкелердәң негізгі мақсаты - жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушінің арасында тікелей қарым-қатынас орнату»,- дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Жұмысшы мамандықтарға зәру кәсіпорын, мекемелер енді қызметкерді арнайы платформадан іздей алады.
«Endek.kz деген платформа бар. Сол платформа арқылы қаладағы Еңбек мобильділігі орталығының мамандары Қазақстан бойынша қанша бос орындары бар екенін көре алады. Мамандар қазір жұмыс іздеушілерге, жұмысқа қабылдаушы мекеме өкілдеріне осы платформаны таныстыру жұмыстарын жүргізуде. Әсіересе жастарды үйретіп отырмыз. Себебі жастар тез қабылдайды. Солар қабылдаса өзінің отбасындағы ата-анасы, туған-туысқандарына, таныстарына көрсетсе, жарияласа деген бағытта жасап отырмыз,- дейдң Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанар Өтебаева.
Бұл платформа жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді біріктіретін заманауи еңбек нарығы құралы дейді мамандар. Мұнда әр сала бойынша бос жұмыс орындары жарияланып, түйіндеме орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, цифрлық еңбек биржасымен интеграцияланған, бұл — тиімді әрі жылдам жұмыс табудың жолы. Жұмыс іздеу де, ұсыну да — бір жерде!
Сарапшылардың болжамы бойынша елімізде 2030 жылға дейін 1,8 млн жұмыс орнына сұраныс болады. Оның миллионын жұмысшы мамандық құрайды. Мұнда сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі сынды салаларға сұраныс артады екен.