Қоғамда жұмыс жасауға ынтасы жоқ жандар бар. Олар маңдай терлетіп, еңбек еткеннен гөрі, үйінде жатып мемлекеттің көмегін алып жан баққанды жөн көреді. «Жұмыс жоқ» деген сылтаудың тасасында отырғандарда табылады. Кейбіреуі сыныққа сылтау іздеп, айлығының аздығын алға тартып, ұсынған жұмыстан бас тартып жатады. Мұндай масылдықтан арылу керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында айтқан болатын.
Әйтсе де арамызда патерналистік көңіл-күйден арылып, мемлекетке жүк емес, пайда әкеліп жатқан жандар да бар. Әсіресе соңғы уақытта атаулы әлеуеттік көмектен бас тартып, жұмыс істеп, тұрмысын түзеп жатқандар қаншама.
Атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жүзеге асырылатын маңызды қолдау механизмі. Оның негізгі мақсаты – табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға уақытша қолдау көрсету және оларды жұмыспен қамту арқылы тұрмысын көтеру.
Бұл көмектің басты ерекшелігі – адамдардың уақытша қиындықты еңсеруіне демеу бола отырып, әрі қарай өз бетінше тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік беруінде.
Мысалы, Шымкентте өткен жылы өтінім берген отбасылардан 12 926 адам жұмысқа жарамды. Оның ішінде 7 738 азаматтың тұрақты жұмысы болды. 480 азамат нәтижелі жұмыспен қамту шараларына қатысты: 308 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 48-і қоғамдық жұмыстарға тартылды, 18-і жастар практикасына, 17-сі әлеуметтік жұмыс орындарына бағытталды, ал 43 азамат кәсіпкерлік бастамаларын қолға алды. 46 адам біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Шымкенттік ана Сандуғаш Бегасылова – осы бағдарламаның игілігін көрген жандардың бірі. Ол баласы 3 жасқа толғанға дейін шартсыз АӘК алды. 2024 жылдың қазан айында ол әлеуметтік келісім-шарт аясында жұмыспен қамту шараларына қатысуға міндеттелді. Сандуғаш қысқа мерзімді оқуға қатысып, «маникюр-шебері» мамандығын меңгерді.
– Оқу барысында теорияны бір ай оқып, екі ай практика жинадық. Мемлекет тарапынан төленген шәкіртақыға маникюр жасауға қажетті құралдарды сатып алдым. Оқуды аяқтаған соң қаладағы сұлулық салонына тұрақты жұмысқа орналастым. Қаншама жылдан бері мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп келемін. Қазір жаңа мамандық бойынша тәжірибе жинақтап, алдағы уақытта қайтарымсыз грантқа бизнес-жоба ұсынуды жоспарлап отырмын, – дейді Сандуғаш.