Қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – патерналистік көңіл күй мен әлеуметтік масылдықты төмендету. Бүгінгі таңда патерналистік құндылықтар Қазақстан үшін экономикалық жетістіктерге жетуіне тежеу болып отыр. Президентіміз атап өткендей, Жаңа Қазақстанды құру еліміздің алға ілгерілеуіне кедергі келтіретін кейбір құндылықтарды жоюды, соның ішінде патернализмді ауыздықтауды талап етеді. Өркендеу даңғылына тек қана «қамқоршы мемлекет және белсенділігі төмен азамат» сынды патерналистік схемадан бас тарту арқылы қадам басуға болады. Қазақстандық қоғамның бұқаралық санасында кәсіпкерлік қызметтің құндылықтарын, өз бетінше әрекет етудің және өз ісіңде адал жолмен жетістікке жетудің маңыздылығын мойындау ұғымы бекуі тиіс.
Өкінішке қарай, қоғамда патерналистік көңіл күй мен масылдық үрдісі белең алуда. Жұмыс жасамай, елден көмек күтетіндер көбейді. Ал масылдық сана – ғасырлар бойы қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені рас. Масылдық пиғыл барлық әлеуметтік топтар арасында көрініс берді. Адамдар арасында «жеңіл ақша тапсам» деген түсінік пайда болды. Салдарынан түрлі қаржылық пирамида, алаяқтарға алданып қалады. Мұның барлығы сайып келгенде азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігінен. Шымкентте тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жақында қалада «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында қалалық прокуратураның үйлестіруімен «Жылжымалы қабылдау» акциясы өтті.
Шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтардың өзекті мәселелерін жедел шешуге көмектесу және құқық қорғау органдары мен халық арасындағы ашық диалог орнату.
Акция барысында қала тұрғындары прокуратура, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тегін құқықтық кеңес алып, өз өтініштерін тікелей жеткізе алды.
Сондай-ақ, іс-шараға қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы да атсалысып, халыққа жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен мемлекеттік бағдарламалар жайында ақпарат берді.
Атап айтқанда тұрғындарға солтүстікке ерікті қоныс аудару, қайтарымсыз гранттар, кәсіптік оқу, «Күміс жас», қоғамдық жұмыс, жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындары секілді бағдарламалар бойынша мәлімет беріліп, мамандар сұрақтарға жауап берді.