Жастарды нағыз еңбексүйгіштікке баулитын, адал қызметке жетелейтін ол жұмысшы мамандықтар екені даусыз. Сол себепті елімізде жұмысшы мамандарды даярлау ісіне айтарлықтай көңіл бөлінуде. Осы орайда Шымкентте 2025–2026 жаңа оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітіліп, 8 000 гранттық орын бөлінді. Оның ішінде 800 орын жергілікті орта және шағын бизнес субъектілерінің өтінімдері негізінде қарастырылып отыр. Бұл жергілікті кәсіпорындардың сұранысына сай мамандарды даярлау қажеттілігін айғақтайды. Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбектің айтуынша биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында білікті жұмысшы кадрларды дайындау бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі 29,2 пайызға артқан.
Мемлекеттік гранттарды орналастыратын 26 колледждің тізімі арнайы құрылған комиссия шешімімен анықталды. Талапкерлер грантқа өтініш беру үшін таңдаған колледжге тікелей немесе «электрондық үкімет» порталы www.egov.kz арқылы (ЭЦҚ көмегімен) онлайн өтініш жасай алады. Қажетті құжаттар тізімі өте қарапайым: өтініш, білімі туралы құжат, 3х4 см фотосурет, 075-У нысанындағы медициналық анықтама және жеке куәлік.
Мемлекеттік тапсырыс аясында оқуға түскен студенттер тегін білім алып қана қоймай бір реттік ыстық тамақпен және бірінші семестрде стипендиямен қамтылады. Алдағы семестрлерде стипендия үлгеріміне қарай төленеді. Колледж студенттерінің стипендиясы 32 мыңнан 47 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіленген. Сонымен бірге, тегін оқу құқығы бар шетел азаматтары мен бұрынғы жылдар түлектерінің құжаттары колледждердің қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады.
Биыл мемлекеттік гранттарды бөлу процесі Ұлттық білім беру деректер қоры (НОБД) арқылы жүргізіледі. Бұрын бұл жұмыс SmartNation, Platonus секілді платформаларда жүзеге асырылған еді. Талапкерлер арасында орындарды бөлу (ранжирование) тамыз айында өткізіліп, конкурс нәтижесі білім басқармасының ресми сайтында жарияланатын болады. Құжат қабылдау мерзімі мамандық пен оқу нысанына қарай әртүрлі.
Мемлекеттік тапсырыс өңіріміздің еңбек нарығының сұранысына сай кадрларды тегін даярлауға, жастардың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.