Жолдауда мемлекет басшысы Еңбек адамының мәртебесі қашанда биік болатынын сөз етті. Әсіресе жұмысшы мамандарға көп көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. Өйткені елдің дамуына, қалалардың көреюіне қарапайым жұмысшылардың еңбегі зор.
“Ұстаз“ сөзі біз үшін қашан да қадірлі, қасиетті саналады. Осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес. Сондай-ақ жас та болса білім саласын таңдап, осы саланың ыстығы мен суығына төзуге дайын, шәкірт тәрбиелеуге асық жас мамандарымыз да баршылық . Олардың қатарына Дияна Анарбайды да қосуға болады. Шымкент қаласындағы Отырар колледжінің шет тілі пәнінің мұғалімі, “Жалынды жастар” дебат клубының жетекшісі Дияна білім беру саласында 3 жылдан астам еңбек етіп келеді.
«Менің үлкен армандарым мен мақсаттарым Шымкент қаласындағы Мирас университетінде басталды. Оқу орнын үздік дипломмен аяқтадым. Университет қабырғасында жүргенде өзімді жан-жақты дамытуға ден қойдым. Пікірсайыс клубының мүшесі болдым. Пікірсайыс менің ой еркіндігімді, сөз шеберлігімді, көшбасшылық қасиеттерімді ұштады. Пікірсайыс - мені мықты маман ғана емес көшбасшы лидер болуға жетеледі. Бүгінде қаладағы Отырар колледжінде шет тілі, екі шет тілі пәнінің оқытушысы, дебат клубының жетекшісі әрі педагог ұйымдастырушы қызметін атқарамын. 3 жылдан бері осы қара шаңырақта білім беріп қана қоймай тәрбие жолында қызмет етіп келемін. Мен колледж қабырғасындағы «Жалынды жастар» дебат клубының негізін қалаушысымын. Қазіргі таңда «Жалынды жастар» дебат клубы колледждер арасындағы беделді интеллектуал ортаға айналды. Жас дебатюрларымыз қазіргі таңда түрлі додада топ жарып үздік атанып жүр. Ал үздіктерді дайындау нағыз шабыттандырушы іс. Ал менің миссиям қозғаушы күш . Жастарды, айналамдағы адамдарды шабыттандыру менің өмірлік үстанымым. Мен жүрген жерде тыныштық емес қозғалыс бар. Өйткені мен ізденістің, дамудың жаңашылдықтың жанашырымын»,- дейді Дияна Рамазанқызы.
Еңбекқорлық, жауапкершілік, шыншылдық сияқты ізгі қасиеттерді бойына жиған Дияна оқушыларынан да осыны талап етеді. Ол өз шәкірттерін шет тілін меңгеруге ынталандырып, жоғары нәтижелерге жетелейтін ұстаз, сонымен қатар пәнді терең меңгерген және кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыратын педагог.