Құбырлар бірегей технология арқасында жаңармақ

1531892840.jpeg      

Шымкент қаласындағы жылу құбырларын енді тот баспайды. Себебі «Mitsui & Co.Moscow» компаниясының ұсынып отырған «NMRPipetector» бірегей электролитикалық құрылғысы құбырларды тот басудан қорғайды. Жақында қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек және «Қуат жылу орталық-3» аталған шетелдік компания өкілдерімен кездесті. Жиында жаңа құрылғы таныстырылды. Құрылғыны жасап шығарушылардың айтуынша, тот басуды құбырларды ауыстырмай-ақ тоқтата алатын бұл құрылғы жылу энергиясының сапасын арттырып қана қоймай, құбырларды пайдалану мерзімін де ұзарта алады. «Қуат жылу орталық-3» мекемесі құрылғыны сынақтан өткізуге дайын және тәжірибе алаңын да белгіледі: жаңа 3 құрылғы ПМК-49 желілік қазандығының бөлініс шекарасында және көпқабатты 2 үйге орнатылмақ. Бұл нысандардың таңдап алынуының себебі бар: үй ішіндегі инженерлік желінің пайдалану мерзімі қалыпты мерзімнен асып кеткен (үйлер 1985 жылы пайдалануға берілген), толық жөнделмеген және құбырлары толығымен тозған. Айта кету керек, жаңа құрылғы тотты магнетитке өзгерту арқылы құбырлардың пайдалану мерзімін кемінде 40 жылға ұзартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса құрылғы орнатылған соң ғимараттардағы судың сапасы едәуір жақсарады. Пилоттық жоба жарты жылға жуық уақытқа созылады, осы уақыт ішінде құрылғының барлық мүмкіндігі сыналуы тиіс.

 


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Құбырлар бірегей технология арқасында жаңармақ