Түркістан облысы ауыл шаруашылығында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Еліміздегі ауыл шаруашылығынан жиналған өнімнің 43 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Бұл туралы облыс әкімі Ж.Түймебаев ел алдындағы есеп беру жиынында айтты.

51953772_1166943393485913_2743303278195376128_n.jpg

– Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 3 млн. тоннаға жуық өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Қарқынды баулардың көлемі 2800 гектарға жеткізіліп, жеміс-жидектен 118 мың тонна, жүзімнен 73 мың тонна өнім алынды,– деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 180,9 млн. АҚШ долларға жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда  20,2 млн. АҚШ долларға артты. Салаға 43,8 млрд. теңге инвестиция тартылып өсім 111,4 пайызды құрады. Егін шаруашылығы  Егіс көлемі 813 мың гектарға кеңейтіліп, 15 мың гектарға артты.

Жаңадан 7174 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, жалпы көлемі 65 017 гектарға  жетті (2017 жылы 57,8 мың га). Нәтижесінде, ағын суды тұтыну 3-4 есе үнемделді, өнімділік көкөністен 3 есе, жеміс-жүзімнен 1,5 есе, мақтадан 2,5 есе артты. Қосымша 181,3 гектарға жылыжай салынып, жалпы  1344 гектарға  жетті (2017 жылы 1162 га).

Ал мал шаруашылығында Қазақстандағы еттің 54 пайызын экспорттайтын облыс республикада 1-орынға шықты. Атап айтқанда, өткен жылы 9600 тонна етті Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірлігіне экспортталды.