Руханиятқа көрсетілген құрмет

Кейбір марапаттар бір адамның ғана мерейін өсірмейді. Олар тұтас ұлттың рухани биігін, ғылым мен әдебиетке деген құрметін айшықтайды. Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының қара шаңырағында мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, жазушы, белгілі түрколог-ғалым Дархан Қыдырәліге қазақ әдебиеті мен руханиятының ең мәртебелі марапаттарының бірі – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды. Салтанатты рәсімде Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Дархан Қыдырәлінің есімі бүгінде түркология ғылымымен, Алаштанумен және ұлттық руханиятпен қатар аталатынын атап өтті. Оның айтуынша, ғалымның қазақ әдебиетінің тарихына, түркі өркениетінің ортақ тамырына, рухани сабақтастық мәселелеріне арналған іргелі зерттеулері ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, ұлттық ғылымның жаңа тынысын ашқан еңбектердің қатарына қосылды. Ол сондай-ақ Дархан Қыдырәлінің халықаралық Түркі академиясына жетекшілік еткен жылдары түркі халықтарының ғылыми және мәдени ықпалдастығы жаңа белеске көтерілгенін, ортақ тарихи мұраны жүйелі зерттеуге тың серпін берілгенін ерекше атап өтті.

dLgvqMrLAhshy72CEb5UL7nAFRZGqkqP6A8HyP6Q.jpg_width=1200Xheight=autoXtype=1.jpg

Түлкібастың қасиетті топырағында дүниеге келген Дархан Қыдырәлі бүгінде қазақ ғылымының мақтаныштарының біріне айналды. Оның шығармашылық және ғылыми ізденістерінің алтын арқауы – Алаш идеясы, түркі дүниесінің тұтастығы, қазақтың тарихи жадын жаңғырту. Ғалым өткеннің шаң басқан беттерін парақтап қана қойған жоқ, сол тарихтың бүгінгі ұрпаққа берер тағылымын ғылыми тұрғыдан зерделеп, ұлттық сананың жаңғыруына өлшеусіз үлес қосты. Оның еңбектерінде түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениеті, қазақ мемлекетінің тарихи бастаулары, ұлттық рухтың қайнар көздері терең талданады. Сондықтан Дархан Қыдырәлінің зерттеулері тек ғылыми айналыммен шектелмей, елдің рухани дамуына қызмет етіп келеді.

Жиында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма хатшысы Қансейіт Әбдезұлы, сондай-ақ ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс марапат иесінің сан қырлы еңбегіне жоғары баға берді. Олар Дархан Қыдырәлінің «Егемен Қазақстан» республикалық газетіне басшылық жасаған кезеңінде ұлттық баспасөздің мазмұндық деңгейін көтеріп, қоғамдық ойдың кемелденуіне елеулі үлес қосқанын, ал қазіргі мемлекеттік және қоғамдық қызметінде де әдебиет пен мәдениетті қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың ұйытқысы болып келе жатқанын айтты.

Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі көрсетілген зор құрмет үшін Қазақстан Жазушылар одағына ризашылығын білдіріп, қаламгерлер қауымының қарашаңырағында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Ол Жазушылар одағының тарихи ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары шығармашылық орта үшін маңызды жаңару екенін айтып, бұл шаңырақтың алдағы уақытта да қазақ әдебиетінің алтын ордасы болып қала беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның Қазақстанға арнайы келіп, Жазушылар одағында қаламгерлермен және оқырмандармен жүздесуі қазақ әдебиетінің халықаралық беделін арттырған ерекше мәдени оқиға болғанын атап өтті.

Ғалым Қазақстан Жазушылар одағы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандумның да мәніне арнайы тоқталды. Оның пікірінше, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – ұлттың интеллектуалдық болашағына салынған инвестиция. Мұндай бастамалар жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ойлы, білімді, зерделі қоғам қалыптастыруға қызмет етеді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы – жай ғана марапат емес, ұлт руханиятына адал қызметтің өлшемі. Дархан Қыдырәліге бұл сыйлықтың табысталуы – оның ғылымдағы, әдебиеттегі және қоғамдық өмірдегі көпжылдық қажырлы еңбегіне берілген әділ баға. Алаш рухын ардақтап, түркі дүниесінің ортақ құндылықтарын әлемге танытып жүрген тұлғаға көрсетілген бұл құрмет – қазақ руханиятының абыройын асқақтатқан айтулы оқиға болып тарихта қалмақ.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Руханиятқа көрсетілген құрмет
  • Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: Қос палаталы Парламент отыз жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтайды
  • Камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар толық жойылды
  • Камералдық бақылау нәтижесінде мемлекеттік сатып алу құжаттары талаптарға сәйкестендірілді
  • Камералдық бақылау нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсіміндегі бұзушылықтар жойылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер