Қала мәртебесін асқақтатқан Айсұлуға пәтер кілті табысталды

image_750x_5b17a0aeb36c5.jpg

Шымкентті расында мегаполис атандырған миллионыншы қала тұрғыны – Айсұлу Еламанова. Жарық дүние есігін ашқанына бар болғаны 20 күн болған нәресте ештеңеден хабарсыз. Бүгін ол тып-тыныш, тәп-тәтті ұйықтап қана жатты.

Ал, дәл осы сәтте төңірек шат-шадымен болып қарбаласып жатты. Оның әке-шешесі, ата-әже, туған-туыстары бақыттан басы айналып, көңілдері көкке самғады. Себебі, құйтақандай ғана Айсұлу бұл дүниеге таудай бақ-береке, несібесін арқалап келді. Нақтырақ айтсақ, бүгін миллионыншы қала тұрғынына қос бөлмелі пәтер кілті табысталды. Бұл пәтерді өңірге белгілі кәсіпкер, қайырымдылығымен танымал болған меценат, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Молдасейітов сыйға тартты. Ойламаған жерден тұла бойы тұңғыштарының арқасында пәтерлі болған жас ата-ана Самат Еламанов пен Айжан Ахайбекова қуаныштарымен бөлісті: 

– Бізге ең бірінші азаматтық хал актілерді тіркеу орнынан хабарласты. Олар қызымыздың аты-жөнін, салмағын, куәлігін сұрады. Басында «қызымыз миллионыншы тұрғын бола қоя ма екен?» деп сенбей, онша үміттене қоймадық. Бірақ, кеше олар үйге келіп, біздің қызымызды миллионыншы қала тұрғыны болуымен құттықтады. Шыны керек, сонда не істерімізді білмей абдырап қалдық. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Мен жүйке аурулары ауруханасында мейіргер болып жұмыс істеймін. Келіншегім – «Альфа банкте» қызмет атқарады.  Бізге осындай сый сыйлаған Қайрат Молдасейітов ағамызға, облыс және қала әкімдеріне айтар алғысымыз шексіз, - деді жас жұбайлар бақыттан жүздері бал-бұл жайнап. Ал, Қайрат Молдасейітов:

– Шымкент халық саны миллионға жетіп, мемлекеттік маңызы бар қалалар қатарына қосылып жатыр. Бұл – тарихи оқиға десек артық айтқандық емес. Облыс орталығы – Түркістан қаласына ауысқалы жатыр. Бұл – облысқа орасан зор көлемде инвестиция келе жатыр дегенді білдіреді. Мен қарап отыра алмаймын. Мен қаланың жанашырымын. Қаланың тағдыры мені әрқашанда толғандырады. Естеріңізде болса, бұған дейін қала әкімі болып қызмет те істедім.

Қала мәртебесін асқақтатқан осы сәбиге екі бөлмелі пәтер берсем деп шештім. Нәресте Шымкент қаласымен бірге көркейіп өсе берсін деп тілеймін. Ал, өзім қаланың қарқынды түрде дамитынына сенімдімін, - деді.

file_5b17a0ed14781.jpg

Миллионыншы тұрғынның ата-анасына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев салтанатты түрде табыстап: 

– Бұрын миллиондық  тұрғыны бар Алматы ғана болса, қазір миллион тұрғыны бар екі қала  - Астана мен Шымкент. Астана  өткен жылдары миллиондық қала атанса,  Шымкент биыл миллиондық халқы бар қалаға айналып отыр. Елбасы бүкіл дүние жүзінің  қайраткерлер қатысқан экономикалық форумда Шымкент қаласын  миллионды қала деп жариялады. Ал шымкенттіктер республикалық статус иелену бастамасын өте қызу қарқынмен қолдады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес облыс орталығының тұрғындары 39 мың адамға өсті. Мұның 18 мыңы ішкі көші-қон есебінен жүзеге асқан. Ал қаланың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келген болатын. Ол азаматша өздеріңіз көріп отырған Еламанова Айсұлу жас отбасының бірінші перзенті. Шымкенттіктердің атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Кішкентай нәресте дені сау, еліне елеулі, халқына қалаулы қыз болып өсіп, елдің нағыз патриот азаматшасы болсын! – деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Осылайша, биыл қасиетті Рамазан айының бірінші күні туған Айсұлу бір күнде Шымкент қаласының тағдырын шешіп тастады десек қателеспеген болар едік.


Абылай ЕСІМБАЙ

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқаев коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны әзірлеу барысымен танысты
  • Ясауи атындағы ХҚТУ-да коррупция 10 есе төмендеген
  • Президент «Егемен Қазақстан» газетінің басшысын қабылдады
  • Намысын ту еткен
  • Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры университеттің халықаралық рейтингін жариялады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер