«Шаңырақ» шағын ауданындағы инфрақұрылым мәселелері талқыланды

1.jpg

Түркістан облыстық мәслихатына Төле би ауданынан сайланған депутат, мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ғалымжан Елшібай кезекті есептік кездесуін Ленгір қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №2 мектепте өткізді. Кездесу алдында халық қалаулысы білім ошағын аралап, ғимараттың қазіргі жай-күйімен танысып, жөндеуді қажет ететін тұстарын көрді.

Жиынға Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева, сондай-ақ тұрғындар мен мектеп ұжымы қатысты. Кездесу барысында өңірдегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, әсіресе білім беру нысандарының жағдайы мен инфрақұрылымдық проблемаларға басымдық берілді.

Депутат өз сөзінде партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленген Жол картасының аудан көлемінде жүзеге асырылу барысына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Төле би ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар ілгерілеу бар. Мәселен, аудан толықтай табиғи газбен қамтылған өңірлердің қатарына кіреді. Сонымен бірге ауылдық елді мекендерде ауыз су, жол және интернет желілерін жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» пилоттық жобасына да ерекше назар аударылды. Жоба көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесінде ашықтықты арттырып, тұрғындардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Ленгір қаласында жүзге жуық көпқабатты үй бар екенін ескерсек, бұл бастаманың маңызы зор екені атап өтілді.

Жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырған нақты мәселелерді көтерді. Соның ішінде «Шаңырақ» шағын ауданындағы инфрақұрылымның жеткіліксіздігі ерекше айтылды. Тұрғындардың пікірінше, бұл аумақта жол, ауыз су және өзге де инженерлік желілер толық жүргізілмеген. Қазіргі таңда ондаған үй салынғанымен, қажетті инфрақұрылым әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Алдын ала есеп бойынша, бұл түйткілді толық шешу үшін шамамен 680 млн теңге көлемінде қаржы қажет.

2.jpg

Сонымен қатар «Алатау» шағын ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытында бұған дейін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, негізгі жұмыстар атқарылғаны айтылды. Ал «Шаңырақ» шағын ауданында тиісті қаржы қарастырылған жағдайда жол салу, жаяу жүргіншілер жолын төсеу, жарықтандыру және су жүйелерін жүргізу мәселелері толық шешімін табады.

Кездесуде білім беру сапасын арттыру, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері де назардан тыс қалмады. Аудандық білім бөлімінің басшысы бірқатар білім беру мекемелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтіп, бұл бағытта алдағы уақытта нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.

Жалпы, есептік кездесу халық пен билік арасындағы тиімді диалогтың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табатыны айтылды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Шаңырақ» шағын ауданындағы инфрақұрылым мәселелері талқыланды
  • Депутаттар қоғамдық марапаттарды заңмен реттеуді ұсынды
  • Графикалық интерфейс элементтерін құру
  • Су үнемдеген шаруаларға субсидия 80% дейін артады
  • Қазақстанда мұнайдың алты жаңа кен орны анықталды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер