
Бүгін Түркістан қаласындағы Turkestan Hub ғимаратында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты құттықтау іс-шарасы өтті.
Мерекелік жиынға білім беру және медицина саласында еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы қатысты. Іс-шара барысында «Ауыл» партиясының Түркістан қаласы бойынша аумақтық ұйымының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Раманкулов Бақытжан Сұлтанұлы сөз сөйлеп, әйелдер қауымын көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Ол өз сөзінде қоғамның дамуына, ұрпақ тәрбиесіне және халық денсаулығын қорғауға өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздар мен медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар мерекелік шара аясында «Ауыл» партиясының қатарына жаңадан қосылған бірқатар азаматшаларға партиялық билеттер салтанатты түрде табысталды.
Жиын соңында қатысушыларға ізгі тілектер айтылып, мерекелік көңіл-күй сыйлаған жылы жүзді кездесу ретінде есте қалды.
