Түркістан: Жаңа индустриялық аймақ—жаңа өндірістік мүмкіндік

4.jpg 

Түркістан облысында өндірістік инфрақұрылымды кеңейту және жаңа инвестициялық алаңдарды қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы бірнеше жылда өңірде индустриялық аймақтар көбейіп, ондаған өндіріс орны іске қосылса, енді олардың қатары тағы бір ауқымды жобамен толығуы мүмкін. Бұл жолы сөз жаңа кәсіпорын салу туралы емес, ондаған зауыт пен өндіріс орны шоғырланатын жаңа индустриялық кеңістік қалыптастыру жөнінде болып отыр.

Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік құрылыс компаниясының директоры Сюй Миньмен кездесті. Басқосуда Түркістан облығында халықаралық талаптарға сай жаңа индустриялық аймақ құру жобасы жан-жақты талқыланды. Тараптар жобаны іске асыру мерзімдері, инфрақұрылым жүргізу, өндірістік алаңдарды орналастыру және инвесторларды тарту тетіктеріне тоқталды.

Кездесу барысында компания өкілдері жаңа индустриялық аймақтың тұжырымдамасын таныстырып, оның құрамына енетін негізгі нысандар туралы баяндады. Ұсынылған жобаға сәйкес аумақта өндірістік корпустар, жеке кәсіпорындарға арналған өндірістік алаңдар, бондтық қоймалар, әкімшілік-тұрмыстық кешендер, сервистік орталықтар, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынбақ. Яғни, кәсіпкерлерге дайын өндірістік орта ұсынылады. Мұндай тәсіл инвесторлардың уақыт жоғалтпай, өндірісті қысқа мерзімде іске қосуына мүмкіндік береді.

Жобаның алдын ала құны шамамен 30 миллион АҚШ долларын құрайды. Ол толық жүзеге асқан жағдайда жаңа индустриялық аймақта 42-ге жуық кәсіпорын жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Алайда жобаның маңызы тек жаңа жұмыс орындарымен ғана шектелмейді. Мамандардың айтуынша, бұл индустриялық аймақ өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, Орталық Азиядағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар трансшекаралық сауда көлемін ұлғайтуға, көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтуге және жаңа өндірістерді орналастыруға мүмкіндік береді.

Жоба Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында құрылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық индустриялық орталығының мүмкіндіктерін де кеңейтуге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, бұл орталық толық қуатында жұмыс істей бастағанда екі мемлекет арасындағы өнеркәсіптік кооперация жаңа деңгейге көтеріледі. Өндірістік байланыстар нығайып, бірлескен кәсіпорындардың саны артуы ықтимал.

Кездесуде сондай-ақ шағын және орта бизнесті өндірістік кооперацияға тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жоспар бойынша жаңа индустриялық аймақтың айналасында шағын және орта кәсіпкерлік кластері қалыптасады. Мұнда өндіріс орындарына қажетті қосалқы бөлшектер, құрылыс материалдары, сервистік қызметтер мен логистикалық қызмет көрсететін кәсіпорындар жұмыс істейтін болады.

Компания өкілдері жобалық-сметалық құжаттарды қысқа мерзімде әзірлеуге, қаржыландыру мәселелерін пысықтауға, құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен бастауға және жобаны коммерциялық тұрғыдан тиімді іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.

Шетелдік компанияның тәжірибесі де аз емес. Ол автомобиль жолдарын, инженерлік инфрақұрылым нысандарын, металл конструкцияларын салумен, құрылыс материалдарын импорттау және экспорттаумен, сондай-ақ өндірістік нысандарды кешенді тұрғызумен айналысады. Сондықтан жаңа индустриялық аймақты халықаралық талаптарға сай салуға қажетті тәжірибе мен мүмкіндіктері жеткілікті екені айтылды.

Жалпы алғанда, Түркістан облысы соңғы жылдары индустриялық инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық беріп келеді. Бұрын өндіріс орындары негізінен облыс орталығы мен бірнеше ауданда ғана шоғырланса, қазір индустриялық аймақтар барлық дерлік аудан мен қалада қалыптасып жатыр.

Соңғы жылдары өңірде жаңадан бірнеше индустриялық аймақ пайдалануға беріліп, олардың жалпы саны жиырмадан асты. Осы аймақтарда бүгінде жүзден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалардың жалпы құны жүздеген миллиард теңгемен есептеледі. Олар толық іске қосылған кезде бірнеше мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Өткен жылдың өзінде индустриялық аймақтарда ондаған жаңа өндіріс орны пайдалануға беріліп, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл кәсіпорындар құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау, металл өңдеу, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өндірісі және жеңіл өнеркәсіп салаларында жұмыс істейді.

Индустриялық аймақтардың тағы бір маңызды ерекшелігі – дайын инженерлік инфрақұрылымның болуы. Кәсіпкер өндіріс ашу үшін алдымен электр желісін, газ құбырын немесе су жүйесін жүргізуге қаржы жұмсамайды. Барлық инженерлік желілер мемлекет тарапынан әзірленгендіктен, инвестор бірден құрылыс жұмыстарын бастап, өндірісті іске қоса алады. Бұл инвестициялық шығынды азайтып, жобаның өзін-өзі ақтау мерзімін қысқартады.

Бүгінде Түркістан облысында өндірістік парктерді дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өндірістік алаңдар құрылып, онда жүздеген өндірістік ғимарат салынып жатыр. Бұл алаңдарда жиһаз, құрылыс материалдары, тұрмыстық химия, металл бұйымдары, ауыл шаруашылығы техникасының бөлшектері, жеңіл өнеркәсіп өнімдері және басқа да импортты алмастыратын тауарлар шығарылады.

Экономистердің пікірінше, мұндай жобалардың ең басты артықшылығы – олар тек өндірісті көбейтпейді. Әрбір жаңа зауыттың айналасында сервистік қызмет көрсету, көлік тасымалы, қойма шаруашылығы, жөндеу жұмыстары және шағын бизнес қатар дамиды. Соның нәтижесінде бір өндіріс орны бірнеше салаға мультипликативтік әсер береді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттердің бірі – шикізатты сыртқа шығарумен шектелмей, дайын өнім өндіруді көбейту, импортқа тәуелділікті азайту және оқшаулау деңгейі жоғары өндірістерді дамыту. Осы бағытта облыста машина жасау, құрылыс индустриясы, тоқыма, тамақ өндірісі, химия өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Жаңа индустриялық аймақ осы міндеттерді жүзеге асырудың кезекті кезеңі болуы мүмкін. Егер жоба толық іске асса, ол тек Түркістан облысының ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірдің өндірістік картасына елеулі өзгеріс енгізбек. Әсіресе Қытай, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы өндірістік кооперацияны дамытуға, шекара маңындағы логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және жаңа экспорттық бағыттарды қалыптастыруға тың серпін береді.

Сарапшылардың бағалауынша, бүгінгі таңда өңірлер арасындағы бәсеке тек инвестиция көлемімен өлшенбейді. Инвестор үшін ең маңыздысы – дайын инфрақұрылым, тиімді логистика, тұрақты энергетика және өндірісті қысқа мерзімде іске қосу мүмкіндігі. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысында қалыптасып келе жатқан индустриялық аймақтар жүйесі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын негізгі факторлардың біріне айналып отыр.

Жаңа индустриялық аймақтың іске асуы осы бағыттағы жұмыстың заңды жалғасы болмақ. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Түркістан облысының өндірістік әлеуеті артып қана қоймай, өңірдің Орталық Азиядағы өнеркәсіптік және логистикалық хаб ретінде қалыптасуына да жаңа мүмкіндік ашылады.

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан: Жаңа индустриялық аймақ—жаңа өндірістік мүмкіндік
  • Түркістан жаңа индустриялық дәуірге қадам басты
  • Түркістан өндірістік өңірге айналып келеді
  • Түркістан мен Измир байланысы жаңа кезеңге аяқ басты
  • Нұралхан Көшеров: Өзбекстанмен экономикалық әріптестіктің нығаюы рухани жақындықтың заңды жалғасы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер