Түркістан облысының өнеркәсіптік дамуында соңғы жылдары бір маңызды бағыт айқындала түсті. Ол – өңірдегі шикізатты сол күйінде сыртқа шығармай, мүмкіндігінше өз ішінде өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіру. Бұл бағыт әсіресе ауыл шаруашылығы үшін дәстүрлі дақыл саналатын мақтаға қатысты өзекті. Себебі Түркістан – еліміздегі мақта өсірілетін негізгі өңір. Демек, мұнда мақтаны өндірумен шектелмей, одан жіп, мата және дайын өнімге дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастырудың экономикалық мәні зор.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жаңа инвестициялық жоба өңірдің өнеркәсіптік саясатындағы маңызды қадамдардың бірі болғалы отыр. Мұнда «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС мақта-мата жіптері мен джинс матасын өндіретін заманауи тоқыма фабрикасын салуда.
Жобаның ауқымы да аз емес. Өндірістік кәсіпорын үшін 20 гектар жер бөлінген. Инвестиция көлемі 25,8 млрд теңгені құрайды. Бірінші кезеңдегі өндірісті 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Ал кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде 1000-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бір қарағанда бұл кезекті бір өндіріс орны сияқты көрінуі мүмкін. Алайда жобаның ерекшелігі – оның өңір экономикасындағы қалыптасқан шикізаттық әлеуетті өңдеуші өнеркәсіппен байланыстыруында. Яғни Түркістанда өсірілген мақтадан жіп өндіріліп, одан әрі джинс матасы дайындалады. Бұл – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өзара байланысын күшейтіп, жергілікті шикізаттың қосылған құнын бірнеше сатыға көтеруге мүмкіндік беретін өндірістік модель.
Қазақстан үшін қазіргі кезеңде мұндай жобалардың маңызы артып отыр. Ел экономикасын әртараптандыру, ішкі өндірісті күшейту, импортқа тәуелділікті азайту және отандық кәсіпорындардың өндірістік кооперациясын кеңейту мәселесі жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып келеді. Оның түпкі мақсаты – тек шикізат өндіретін экономикадан технологиялық және өңдеуші өндірісі дамыған экономикаға біртіндеп көшу.
Бұл міндет Түркістан облысына да тікелей қатысты. Өйткені өңірдің табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстары мол болғанымен, экономикалық тиімділіктің ең жоғары деңгейі сол шикізатты терең өңдеген кезде қалыптасады. Мақта осының айқын мысалы. Шикізатты өндіру – бір мәселе, ал одан жіп пен мата шығару – мүлдем басқа деңгейдегі өндіріс. Мұнда технология, құрал-жабдық, мамандар, энергия, логистика, сапа стандарттары және тұрақты өткізу нарығы қажет.
«Hygeia Textile Kazakhstan» жобасының мәні де осында.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін мақта-мата жіптері мен джинс матасын өндіру жолға қойылмақ. Бұл өз кезегінде тоқыма саласындағы басқа кәсіпорындар үшін де шикізат базасын қалыптастырады. Болашақта мата өндірумен қатар киім-кешек және басқа да дайын тоқыма өнімдерін шығаратын өндірістердің дамуына жол ашылуы мүмкін. Яғни бір кәсіпорынның айналасында өзара байланысты бірнеше өндірістік буын қалыптасатын мүмкіндік бар.
Мұндай тәсілдің экономикалық тиімділігі – өнімнің әрбір кезеңінде қосылған құнның ел ішінде қалуында. Мақтадан жіпке, жіптен матаға, матадан дайын киімге дейінгі өндірістік тізбек неғұрлым толық қалыптасса, солғұрлым өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті артады. Бұған қоса жаңа кәсіпорындар көбейген сайын қосалқы өндірістерге, тасымалға, жөндеу қызметтеріне, қаптамаға, қоймаға және басқа да сервистік бағыттарға сұраныс пайда болады.
Сондықтан Түркістандағы жаңа тоқыма фабрикасын тек бір кәсіпорынның құрылысы ретінде емес, өңірдегі индустриялық-инновациялық дамудың бір бөлігі ретінде қараған жөн.
Қазір өндіріс орны орналасатын аумақта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобаның жүзеге асу барысын бақылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «TURAN» арнайы экономикалық аймағының 290 гектар аумақты құрайтын қосалқы аймағына барып, компания өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында өндіріс орнының құрылыс барысы мен оны инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Инвестор үшін өндірістік ғимаратты салу қаншалықты маңызды болса, оны қажетті инженерлік желілерге уақытында қосу да соншалықты маңызды. Осыған байланысты кәсіпорынға электр энергиясы, газ, су және басқа да инженерлік коммуникацияларды жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға инфрақұрылым тарту жұмыстарын жеделдетуді, инвестормен бірлесіп туындаған мәселелерді уақытылы шешуді және әр бағыт бойынша белгіленген жұмыс кестесін сақтау қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар өндірістік ғимараттардың құрылысын сапалы әрі бекітілген мерзімге сәйкес аяқтау, құрылыс алаңындағы жұмысшылар мен техниканың санын қажет болған жағдайда арттыру және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойылды.
Қазіргі таңда жобаның құрылыс алаңындағы негізгі жұмыстардың бірқатары орындалған. Жатақхана мен кеңсе ғимараттарының құрылысы аяқталуға жақын. Екі өндірістік ғимарат бойынша жер жұмыстары, іргетас құю, бетондау және металл конструкцияларын монтаждау кезеңдері аяқталған. Құрылыс жұмыстарына 4 техника мен 40-қа жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Кәсіпорынды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да аяқталуға жақын. Бұл өндіріс орнының белгіленген мерзімде іске қосылуы үшін маңызды кезеңдердің бірі.
Ал жалпы жоба толық қуатына шыққанда ашылатын 1000-ға жуық жұмыс орнының әлеуметтік маңызы да ерекше. Өйткені жаңа өндіріс – тек инвестиция мен салық түсімі емес, ең алдымен жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі. Оның үстіне заманауи тоқыма кәсіпорнына әртүрлі мамандық иелері қажет болады. Бұл техникалық және өндірістік кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру мәселесін де күн тәртібіне шығарады.
Түркістан облысының индустриялық дамуында дәл осындай өндірістердің көбейе түсуі маңызды. Өйткені жаңа өнеркәсіптік саясаттың бір талабы – өндірісті сан жағынан көбейтумен қатар, оның технологиялық деңгейін көтеру. Яғни жаңа зауыттың ашылғаны ғана емес, онда қандай өнім өндірілетіні, қаншалықты технология қолданылатыны, жергілікті шикізаттың қанша бөлігі пайдаланылатыны және өндірістік кооперацияның қаншалықты жолға қойылғаны да маңызды.
Бұл тұрғыдан алғанда, оқшаулау үлесі жоғары өндірістерді дамыту мәселесі өзекті. Оқшаулау, яғни өндірістің мүмкіндігінше жергілікті шикізатқа, жергілікті кәсіпорындарға және ішкі өндірістік тізбекке сүйенуі экономиканың сыртқы факторларға тәуелділігін төмендетеді. Мұндай кәсіпорындар көбейген сайын еліміздің берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыруға қажетті өндірістік база да кеңейе түседі.
Қазақстан үшін өнеркәсіптік қалқан дегеніміз тек ірі зауыттардан тұратын жүйе емес. Оның негізінде шикізат өндіретін кәсіпорыннан бастап, оны өңдейтін, қажетті құрал-жабдық пен құрамдас бөлшектерді шығаратын, дайын өнімді ішкі және сыртқы нарыққа жеткізетін өзара байланысты өндірістер тұруы тиіс. Түркістандағы тоқыма өндірісінің дамуы осы тізбектің бір буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда «TURAN» арнайы экономикалық аймағының орны да ерекше. Инвесторларға арналған дайын инженерлік инфрақұрылым, өндіріс орналастыруға қолайлы аумақ және заңнамада көзделген жеңілдіктер жаңа жобаларды іске асыруға жағдай жасайды. Терең өңдеуге бағытталған кәсіпорындардың осындай алаңдарға шоғырлануы өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облыста дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриялық аймақтар және дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істейді. Мұның бәрі шағын және орта бизнестің өндірістік жобаларға кіруіне жағдай жасауға бағытталған.
Түркістан облысының индустриялық-инновациялық дамуындағы басты мәселе енді жаңа өндірістердің санын арттырумен ғана шектелмеуі керек. Өңірде бар шикізат пен өндірістік мүмкіндікті бір-бірімен байланыстырып, толыққанды кластерлер қалыптастыру маңызды. Мақта кластері сондай бағыттардың бірі бола алады. Оның құрамында мақта өсіру, оны өңдеу, жіп өндіру, мата тоқу және одан дайын өнім шығару кезеңдері өзара сабақтасуы қажет.
Мұндай өндірістік тізбек қалыптасса, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп арасындағы байланыс та күшейеді. Фермер үшін өнімін өткізетін тұрақты нарық пайда болады, өңдеуші кәсіпорын үшін шикізат базасы қалыптасады, ал бюджет үшін салық түсімі артады. Ең бастысы – қосылған құнның едәуір бөлігі өңірде қалып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Осы себепті «Hygeia Textile Kazakhstan» жобасының іске қосылуы Түркістан үшін экономикалық көрсеткішпен ғана өлшенбейді. Кәсіпорын толық қуатына шыққан жағдайда өңірдің тоқыма өнеркәсібіндегі өндірістік мүмкіндігі кеңейіп, мақта шикізатын терең өңдеудің жаңа кезеңі басталуы ықтимал.
Бұған қоса джинс матасының өндірісі ішкі нарықтағы сұраныстың белгілі бір бөлігін отандық өнім есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Егер өндіріс көлемі мен сапасы қажетті деңгейге жетсе, болашақта өнімді сыртқы нарыққа шығару мәселесін де қарастыруға болады. Бұл жерде Түркістанның географиялық орналасуы мен көлік-логистикалық мүмкіндіктері де қосымша артықшылық береді.
Әрине, кез келген инвестициялық жобаның нақты экономикалық нәтижесі кәсіпорын толық іске қосылып, тұрақты өндіріс жолға қойылғаннан кейін ғана көрінеді. Сондықтан қазіргі кезеңдегі басты міндет – құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, инженерлік инфрақұрылымды уақытында қамтамасыз ету және өндірістік қуаттарды белгіленген мерзімде іске қосу.
Жалпы, Түркістанда жүргізіліп жатқан индустриялық саясаттың өзегінде бір ғана мақсат тұрмауы тиіс. Өңірге инвестиция тарту маңызды болғанымен, сол инвестицияның нақты өндіріс қалыптастыруы, жергілікті шикізатты өңдеуі, технология әкелуі, тұрақты жұмыс орындарын ашуы және дайын өнім шығаруы одан да маңызды.
Мақта өсіретін өңір үшін жіп пен джинс матасын өндіретін фабриканың пайда болуы осы тұрғыдан алғанда заңды құбылыс. Ендігі міндет – мақтадан жіпке, жіптен матаға, матадан дайын өнімге дейінгі тізбекті толық қалыптастыру. Сонда Түркістанның мақтасы жай ғана ауыл шаруашылығы шикізаты емес, өңірдің өнеркәсіптік дамуына қызмет ететін экономикалық ресурсқа айналады.
Ал «Hygeia Textile Kazakhstan» жобасы осы ұзақ жолдың алғашқы емес, бірақ маңызды буындарының бірі болғалы тұр.
