Түркістан мен Измир байланысы жаңа кезеңге аяқ басты

3.jpg 

Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік соңғы жылдары тек мемлекетаралық деңгейде ғана емес, өңіраралық ықпалдастық арқылы да жаңа мазмұнға ие болып келеді. Осы үдерістің тағы бір көрінісі ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Түркияның ең ірі мегаполистерінің бірі – Измир қаласының әкімі Джемиль Тугайдың кездесуі өтті. Тараптар өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестициия тарту, өндіріс орындарын дамыту, туризм, білім, мәдениет және кәсіпкерлік бағытындағы байланысты күшейту мәселелерін жан-жақты талқылады.

Соңғы жылдары Түркістан облысы инвестициялық белсенділігі жоғары өңірлердің қатарына қосылды. Өнеркәсіп өндірісі артып, жаңа индустриялық аймақтар ашылып, халықаралық инвесторлардың қызығушылығы күшейіп келеді. Сондықтан Түркияның өндірістік әлеуеті жоғары өңірлерімен тікелей байланыс орнатудың маңызы ерекше.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалар туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, облыста индустриялық-инновациялық даму бағыты басымдыққа ие болып, жаңа өндірістерді іске қосу арқылы экономиканы әртараптандыру жұмыстары жүйелі жалғасып келеді.

– Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы достыққа, бауырластыққа, өзара сенімге және стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынастың өңіраралық деңгейдегі жарқын көрінісі. Жақында Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өткен болатын. Түркістан – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен Түркістан облысы қарқынды дамып келеді. Заманауи көлік және инженерлік инфрақұрылым қалыптасып, халықаралық талаптарға сай туристік және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Түркістан өңірі – туризм, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Алдағы уақытта екі өңір арасында бауырластықты нығайтуға, түрлі салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Біз тәжірибе алмасуға, бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыруға және жан-жақты жұмыс жасауға дайынбыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Кездесу барысында Түркістан облысында соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобаларға ерекше назар аударылды. Өңірде жаңа өндірістік алаңдар құрылып, инвесторларға қажетті инженерлік инфрақұрылым дайындалуда. Индустриялық аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы арқылы машина жасау, құрылыс индустриясы, тоқыма өнеркәсібі, тамақ өндірісі, химия және агроөнеркәсіп салаларына жаңа инвесторлар тартылуда.

Қазіргі таңда облыста алдағы бірнеше жылда жүзеге асырылатын жалпы құны триллион теңгемен есептелетін инвестициялық жобалар портфелі қалыптасқан. Оның аясында ондаған жаңа өндіріс орны іске қосылып, мыңдаған тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға көшу, импортты алмастыратын өндірістерді көбейту және экспорттық әлеуетті арттыру.

Соңғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Түркістан облысында өнеркәсіп өндірісі жоғары қарқынмен өсіп, өңдеу өнеркәсібі республикадағы ең серпінді дамып келе жатқан салалардың біріне айналды. Металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын шығару, тоқыма және азық-түлік өндірісі бойынша оң динамика сақталуда. Бұл көрсеткіштер өңірдің жаңа өнеркәсіптік саясатты іске асырудағы әлеуетін айқындай түседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру, оқшаулау деңгейі жоғары өндірістерді қалыптастыру және еліміздің өнеркәсіптік қауіпсіздігін нығайту жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Түркістан облысында қолға алынып жатқан жобалар осы міндеттерді орындауға бағытталған. Өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, агродрондар шығару, тұрмыстық химия, құрылыс материалдары, жиһаз, тұрмыстық техника және басқа да импортты алмастыратын өнімдерді өндіру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Түркия бұл тұрғыда Қазақстан үшін маңызды серіктестердің бірі саналады. Әсіресе өндірістік технологиялар, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, туризм және логистика салаларында түрік компанияларының тәжірибесі мол. Сондықтан Измирмен әріптестік Түркістан облысы үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін.

Измир қаласының әкімі Джемиль Тугай да кездесудің қорытындысына оң баға беріп, тарихи және мәдени байланыстардың экономикалық ынтымақтастықты дамытуға берік негіз қалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Измир әкімдігі Түркістан облысымен тәжірибе алмасуға, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, туризм, білім және кәсіпкерлік бағытындағы байланыстарды нығайтуға мүдделі.

Кездесу барысында сондай-ақ екі өңірдің кәсіпкерлері арасында тікелей байланыс орнату, өзара бизнес-форумдар өткізу, инвестициялық жобалардың таныстырылымдарын ұйымдастыру және өнеркәсіп кооперациясын дамыту мәселелері қозғалды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай байланыстар шетелдік инвестиция көлемін арттырып қана қоймай, бірлескен өндірістердің құрылуына да ықпал етуі мүмкін.

Измир кездейсоқ таңдалған серіктес емес. Түркияның Эгей теңізі жағалауында орналасқан бұл қала елдің ең қуатты өнеркәсіптік және сауда орталықтарының бірі саналады. Мұнда машина жасау, химия өнеркәсібі, тамақ өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, теңіз логистикасы және экспортқа бағытталған өндірістер қарқынды дамыған. Измир порты Жерорта теңізі аймағындағы маңызды логистикалық тораптардың бірі болып есептеледі. Сонымен бірге қала инновациялық өндірістерді дамыту, технологиялық парктер құру және инвестиция тарту бағытында Түркиядағы табысты өңірлердің қатарында.

Сондықтан Измирдің өндірістік тәжірибесі мен Түркістанның табиғи және экономикалық әлеуетінің үйлесуі екі тарап үшін де тиімді болуы мүмкін. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, су үнемдеу технологиялары, тамшылатып суару жүйелері, жылыжай кешендері, машина жасау, азық-түлік өндірісі және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі жоғары.

Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстардың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын статистика да дәлелдейді. Биылғы төрт айдың қорытындысында екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 1,8 миллиард АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 1,4 миллиард долларды, импорт 454 миллион долларды құрады.

Түркістан облысы мен Түркия арасындағы сауда байланысы да біртіндеп кеңейіп келеді. Қазіргі таңда екі тарап арасындағы тауар айналымының көлемі 7 миллион АҚШ долларына жеткен. Оның 1 миллион доллары экспортқа, ал 6 миллион доллары импортқа тиесілі. Бұл көрсеткіш әзірге үлкен болмаса да, өңірлер арасындағы тікелей әріптестік күшейген сайын оның бірнеше есе артуына мүмкіндік бар.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастық туралы уағдаластықтарды нақты жобалармен толықтыруға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және екі өңірдің кәсіпкерлері арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға келісті. Сарапшылардың пікірінше, өңіраралық дипломатияның мұндай форматы инвестиция тартудың жаңа тетіктерін қалыптастырып қана қоймай, Түркістан облысының халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтуге де тың серпін береді.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан: Жаңа индустриялық аймақ—жаңа өндірістік мүмкіндік
  • Түркістан жаңа индустриялық дәуірге қадам басты
  • Түркістан өндірістік өңірге айналып келеді
  • Түркістан мен Измир байланысы жаңа кезеңге аяқ басты
  • Нұралхан Көшеров: Өзбекстанмен экономикалық әріптестіктің нығаюы рухани жақындықтың заңды жалғасы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер