Қазақстанның көп бөлігінде егін әлі толық пісіп үлгермеген шақта Түркістан облысының диқандары жаңа астықты қамбаға құюды бастап кетті. Климаттық ерекшелігі мен ұзақ жылдан бері қалыптасқан агротехнологиялық тәжірибенің арқасында өңір биыл да елімізде алғашқылардың бірі болып орақ науқанын аяқтауға жақындады. Бұл тек маусымдық науқанның сәтті өтуі ғана емес, аграрлық сектордағы жүйелі өзгерістердің нақты нәтижесі ретінде бағалануда.
Соңғы жылдары Түркістан облысында ауыл шаруашылығы тек өнім өндіретін сала ретінде ғана қарастырылмайды. Бүгінде бұл бағыт азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, өңдеуші өнеркәсіпке шикізат жеткізетін және экспорттық әлеуетті қалыптастыратын экономиканың негізгі тіректерінің біріне айналып келеді. Сондықтан егіннің уақытында жиналуы мыңдаған шаруаның ғана емес, өңірдегі ұн тарту, мал азығын өндіру, қайта өңдеу және логистика салаларының тұрақты жұмыс істеуіне де тікелей ықпал етеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Қазығұрт ауданына барып, Қ. Әбдәлиев ауылдық округінде орналасқан «Үшбастау» өндірістік кооперативінің егін орағы барысымен танысты. Биыл дәл осы алқаптарда піскен бидай Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып орылып, қамбаға жеткізілуде. Өңір басшысы астық жинау жұмыстарының ұйымдастырылуын көріп қана қоймай, шаруашылықтың өндірістік мүмкіндіктерін, техникалық жарақтандырылуын және қолданылып жатқан жаңа агротехнологияларды зерделеді. Сонымен қатар Қазығұрт ауданында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Жиын барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға қатысты тапсырмаларына тоқталып, ауыл шаруашылығы ендігі жерде тек өнім көлемімен емес, тиімділікпен және сапамен бағалануы керектігін айтты.
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандыруды, терең өңдеуге басымдық беруді тапсырды. Біз осы бағытта жұмысты күшейтіп жатырмыз. Мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланып, жаңа технологияларды батыл енгізу керек. Ізденіс, еңбек, өзгеріс қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мамандарына сенім артылады. Жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін, – деді Нұралхан Көшеров.
Бұл сөздердің астарында бүгінгі аграрлық саясаттың жаңа бағыты жатыр. Бұрын ауыл шаруашылығы көбіне егіс көлемі мен жиналған өнім арқылы бағаланса, қазір басты назар өнімді өңдеуге, оның нарықтағы құнын арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге аударылуда. Сондықтан астықтың мол шығуының өзі түпкі нәтиже емес. Ең маңыздысы – сол өнімнің өңір ішінде қайта өңделіп, жоғары қосылған құны бар тауарға айналуы.
«Үшбастау» өндірістік кооперативі осы талаптарға бейімделіп келе жатқан шаруашылықтардың бірі саналады. Жиырма жылдан астам уақыт бойы егіншілікпен айналысып келе жатқан ұжым биыл жүздеген гектар алқапқа бидай, арпа, мақсары және жоңышқа еккен. Диқандар соңғы жылдары әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын нөлдік өңдеу технологиясына басымдық бере бастаған. Бұл тәсіл топырақтың табиғи құрылымын сақтап, ылғалдың булануын азайтады, жанар-жағармай шығынын қысқартады әрі өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе климаттың өзгеруі мен су тапшылығы күшейген кезеңде мұндай технологияның маңызы артып отыр.
Су үнемдеу технологияларын енгізу бүгінде Түркістан облысы үшін стратегиялық міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған кешенді жобалар іске асырылуда. Жаңа су қоймаларының салынуы, магистральдық каналдарды жаңғырту және цифрлық су есептеу жүйелерін енгізу ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз қалауда. Бұл өз кезегінде егін өнімділігін сақтап қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда кооперативте астық сақтайтын заманауи қойма жұмыс істейді. Өнімді жинаудан бастап сақтау мен тасымалдауға дейінгі барлық процесс арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Мұндай материалдық база шығынды азайтып, өнім сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығының индустриялануы дәл осындай өндірістік мәдениетті қалыптастырудан басталады.
Жалпы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы соңғы сегіз жыл ішінде жаңа даму кезеңіне өтті. Осы уақыт аралығында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі екі еседен астам ұлғайып, триллион теңгеден асты. Агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі де бірнеше есе көбейді. Соның нәтижесінде жаңа жылыжайлар, мал бордақылау алаңдары, суармалы егістік алқаптары мен қайта өңдеу кәсіпорындары пайдалануға берілді. Бүгінде облыс ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі бойынша республикада көш бастап келеді.
Экономистердің пікірінше, ендігі маңызды кезең – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп арасындағы байланысты күшейту. Яғни бидай тек астық күйінде сатылмай, ұнға, макарон өнімдеріне, құрама жемге немесе басқа да дайын өнімге айналуы қажет. Бұл Мемлекет басшысы жариялаған жаңа өнеркәсіптік саясаттың басты қағидаттарының бірі болып саналады. Қазақстанның берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыру үшін аграрлық өңірлердің әлеуеті дәл осындай өндірістік тізбек арқылы тиімді пайдаланылмақ.
