Түркістан облысы құрылғаннан бергі сегіз жыл ішінде өңірдің экономикалық дамуында айтарлықтай өзгерістер болды. Әсіресе инвестиция тарту, өндірістік қуаттарды арттыру, жаңа кәсіпорындар ашу және индустриялық-инновациялық бағыттарды дамыту бойынша жүзеге асқан жобалар облыстың экономикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлер экономикасын әртараптандыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмалары аясында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Түркістан облыстық әкімдігінің хабарлауынша, өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің жетекшілігімен инвесторларға қолайлы жағдай жасау, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу бағытында нақты тетіктер қалыптастырылған. Соның нәтижесінде өңірге отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді.
Сегіз жыл ішінде Түркістан облысының экономикасына жалпы көлемі 7 триллион 570,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өңір құрылған кездегі экономикалық әлеуетпен салыстырғанда бірнеше есеге жоғары. Инвестициялардың басым бөлігі өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және туризм салаларына бағытталды.
Түркістан қаласының республикалық деңгейдегі рухани және туристік орталық ретінде дамуы да инвестициялық белсенділіктің артуына ықпал етті. Қалада жаңа қонақүйлер, туристік нысандар, мәдени-рухани кешендер, тұрғын үй алаптары мен инженерлік инфрақұрылымдар бой көтеріп, қызмет көрсету секторына тартылған капитал көлемі ұлғайды. Туризм саласындағы инвестициялар өңірдің сервистік экономикасының қалыптасуына жол ашты.
2025 жылдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 триллион 745,6 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2018 жылғы 314,1 миллиард теңгемен салыстырғанда 4,5 есе жоғары көрсеткіш. Яғни соңғы жылдары инвестициялық өсім тұрақты сипат алып, облыс экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды.
Инвестициялық қарқын 2026 жылы да сақталып отыр. Биылғы жылдың алғашқы бес айында өңір экономикасына 614,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсімді білдіреді. Өткен жылы осы кезеңде инвестиция көлемі 387,8 миллиард теңгені құраған болатын. Сарапшылар мұндай өсімді өңірдегі өндірістік алаңдардың көбеюімен, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігімен және жаңа жобалардың іске қосылуымен байланыстырады.
Түркістан облысы бүгінде еліміздегі индустриялық-инновациялық даму бағытын белсенді жүзеге асырып отырған өңірлердің қатарына кіреді. Соңғы жылдары өнеркәсіп өндірісінің көлемі тұрақты түрде өсіп, өңдеу секторына басымдық берілуде. Әсіресе құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, машина жасау және агроөнеркәсіптік өнімдерді қайта өңдеу бағыттарында жаңа кәсіпорындар іске қосылды.
Өңірде өндірісті дамыту үшін арнайы индустриялық инфрақұрылым қалыптастырылған. Бүгінде бірнеше индустриялық аймақ жұмыс істейді. Оларда кәсіпкерлерге жер телімдері, инженерлік желілер мен қажетті коммуникациялар ұсынылады. Мұндай қолдау шаралары кәсіпорындардың өндірісті тезірек іске қосуына мүмкіндік беруде.
Инвестиция тартуда халықаралық ынтымақтастықтың да маңызы артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 миллиард АҚШ долларына жетіп, жоспарланған көрсеткіш толық орындалып қана қоймай, артығымен жүзеге асты. Бұл Түркістан облысының халықаралық инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келе жатқанын көрсетеді.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың қатарында жаңартылатын энергия көздері, жылыжай кешендері, агроөнеркәсіптік өндірістер, құрылыс индустриясы және логистикалық орталықтар бар. Сонымен қатар Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей және Еуропа елдерінің инвесторларымен бірлескен жобалар қолға алынуда.
Биыл облыста жалпы құны 369 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда жүздеген миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылады. Жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Бұл өз кезегінде шикізатқа тәуелділікті азайтып, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыруда арнайы экономикалық аймақтардың рөлі ерекше. Атап айтқанда, «Turan» арнайы экономикалық аймағы инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынып, өндіріс орындарын орналастыруға қолайлы жағдай жасауда. Сонымен бірге «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық сауда байланыстарын нығайтуға бағытталған.
Облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өндірістік парктер құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға, ауылдық жерлерде өндіріс ашуға және жаңа жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік бермек. Өндірістік парктерде кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылым ұсынылып, бизнес жүргізуге кететін шығындарды азайту көзделген.
Соңғы жылдары өңірде индустриялық-инновациялық саясат аясында цифрландыру, автоматтандыру және заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Кәсіпорындардың өндірістік тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа технологиялық шешімдер енгізіліп, экспортқа бағдарланған өнім түрлері көбейіп келеді.
Түркістан облысы алдағы кезеңде де инвестиция тарту жұмыстарын жалғастырып, жаңа өндірістерді іске қосуға, экспорт көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға басымдық береді. Экономиканың әртүрлі салаларында жүзеге асырылатын жобалар өңірдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп қана қоймай, Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі өндірістік және инвестициялық орталықтардың біріне айналуына негіз қалайды.
