«Шекарасыз ынтымақтастық»: Форум аясында маңызды келісімдер жасалды

1.jpg 

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастық соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мемлекет басшыларының өзара сенімге негізделген саясаты екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстардың нығаюына жол ашты. Әсіресе шекаралас өңірлер арасындағы тікелей әріптестік Орта Азиядағы интеграциялық үдерістердің маңызды бөлігіне айналып отыр. Осы бағыттағы кезекті маңызды қадам Түркістан облысы мен Өзбекстанның Ташкент облысы арасында жасалған жаңа келісімдер болды.

Өңіраралық байланыстарды күшейту жөніндегі Президент тапсырмасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаевпен бауырластық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі өңір арасындағы экономикалық әріптестікті кеңейтіп қана қоймай, сауда айналымын арттыруға, бірлескен өндірістер ашуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Бүгінде Түркістан облысы еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі саналады. Ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, логистика және туризм салаларында өңірдің әлеуеті жоғары. Ал халқының саны 3 миллионнан асатын Ташкент облысы Өзбекстан экономикасының негізгі драйверлерінің қатарында. Аймақта химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, металлургия, азық-түлік өндірісі мен машина жасау бағыттары қарқынды дамыған. Географиялық жағынан жақын орналасқан екі өңірдің экономикалық мүмкіндіктері бірін-бірі толықтырып отыр.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, шекаралас облыстар арасындағы байланыстар күшейген сайын шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндік ашылады. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көлік-логистика, химия өнеркәсібі және туризм салаларында ортақ жобалардың әлеуеті зор.

Ташкент облысында өткен «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумы осы бағыттағы нақты қадамдардың біріне айналды. Форумға Түркістан және Ташкент облыстарынан 200-ге жуық кәсіпкер қатысып, бірлескен жобаларды талқылады. Кездесу барысында өндірістік кооперация, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, өнеркәсіптік жобаларды іске асыру және инвестициялық әріптестік мәселелері кеңінен сөз болды.

Форум аясында екі тарап мемлекеттік деңгейде бес меморандумға қол қойса, бизнес өкілдері арасында алты келісім жасалды. Түркістан облысының Жетісай, Қазығұрт, Сауран және Сарыағаш аудандарының әкімдері Ташкент облысындағы бірқатар аудандармен бауырластық туралы меморандумдарға қол қойып, өңіраралық байланысты нығайтуға уағдаласты. Бұл келісімдер болашақта ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім және туризм бағыттарында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Форум барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ташкент облысының кәсіпкерлерімен G2B форматындағы арнайы кездесулер өткізді. Онда инвесторларға Түркістан өңірінің өндірістік әлеуеті, индустриалды аймақтары, арнайы экономикалық аймақтар мен мемлекеттік қолдау тетіктері таныстырылды. Өзбекстандық кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс индустриясы және химия өндірісі салаларына ерекше қызығушылық танытты.

Нәтижесінде жалпы құны 19,3 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімдер жасалды. Соның бірі – «Қазкрахмал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Өзбекстанның «Right to Win» компаниясымен жасаған 5 миллион долларлық меморандумы болды. Келісім аясында жүгеріні терең өңдеу арқылы өндірілетін крахмал және сірне өнімдері Өзбекстан нарығына экспортталмақ. Бұл жоба өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал «СПК Хамит» ЖШС Өзбекстанның «Bekbrend» компаниясымен 250 мың доллар көлеміндегі келісімге келді. Құжатқа сәйкес, Түркістан облысына Өзбекстаннан тауарлы балық пен балық шабақтары жеткізіліп отырады. Бұл өз кезегінде өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға серпін бермек.

Сауран ауданында іске асырылатын жобалардың бірі ет өңдеу саласына қатысты. «Мясные продукция Туркестан» ЖШС Өзбекстанның «Xolima Shuhratu» компаниясымен 1 миллион долларлық меморандумға қол қойды. Келісім шеңберінде сервистік мал сою бекеті мен ет өңдеу цехына қажетті құрал-жабдықтар сатып алынбақ. Мамандар мұндай өндірістер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорт көлемін ұлғайтуға ықпал етеді деп есептейді.

Өңіраралық ынтымақтастық аясында химия өнеркәсібіне қатысты да бірқатар маңызды жобалар қолға алынуда. Қазығұрт ауданы әкімдігі «Imperial Nova Chemical» компаниясымен 5 миллион долларлық инвестициялық жоба жөнінде келісім жасады. Компания аудан аумағында минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемін арттыруға және тыңайтқыш импортына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Imputus Nova Chemicals» компаниясы «СП ООО Zhongtian Chemical» компаниясымен 8 миллион долларлық меморандумға қол қойды. Жоба аясында Қазығұрт ауданында қазба байлықтарды өңдеуге арналған химиялық өнімдер шығаратын өндіріс орны салынбақ. Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Сарапшылардың пікірінше, Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы ынтымақтастықтың күшеюі шекаралас аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Әсіресе логистикалық байланыстардың жақсаруы, кедендік рәсімдердің жеңілдеуі және бірлескен өндірістердің көбеюі екі ел кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндік қалыптастырады.

Соңғы жылдары Түркістан облысында шетелдік инвестиция тарту жұмыстары да жандана түсті. Өңірде бірнеше индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Инвесторларға инфрақұрылым тарту, жер бөлу және салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Осы мүмкіндіктер өзбекстандық кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып отыр.

Форум барысында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы тарихи байланыстардың маңызын ерекше атап өтті.

– Форумның маңызы зор. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес өңірлер арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыс жылдан жылға нығайып келеді. Бүгінгі форум аясында мемлекет тарапынан бес меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар бизнес өкілдері арасында алты меморандум жасалды. Бұл келісімдер алдағы уақытта өз нәтижесін беріп, өзара тиімді серіктестікті дамытуға үлкен серпін береді. «Біз бауырлас елміз, бірге дамуымыз керек», – деген Президент екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Қазақ пен өзбек – тарихы, тілі, мәдениеті мен дәстүрі жақын халықтар. Сондықтан біз үшін барлық саладағы байланыс маңызды: экономика, сауда, білім, мәдениет, туризм және жастар ынтымақтастығы, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Айта кету керек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара маңындағы ынтымақтастық тек экономикамен шектелмейді. Соңғы жылдары туризм, мәдениет, білім және жастар саясаты бағытында да байланыстар кеңейіп келеді. Түркістан қаласы мен Ташкент арасында туристік маршруттарды дамыту, тарихи-мәдени мұраларды бірлесіп насихаттау және студенттер алмасу бағдарламаларын іске асыру жөнінде де бастамалар көтерілуде.

Мамандардың айтуынша, Орта Азиядағы тұрақты экономикалық өсім өңірлік интеграцияға тікелей байланысты. Ал мұндай форумдар мен инвестициялық кездесулер өзара сенімді күшейтіп, нақты жобалардың жүзеге асуына жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған маңызды алаңдардың біріне айналды.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Француздар Арыста сервистік депо салуда
  • Ташкент пен Түркістан арасындағы байланыс нығая береді
  • Түркістан: Сауда алаңының кемінде 30 пайызы отандық өнімдерге бөлінуі тиіс
  • Дербісекте ауыз су беру жүйесі тұрақты жұмыс істеуде
  • «Шекарасыз ынтымақтастық»: Форум аясында маңызды келісімдер жасалды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер