Нұралхан Көшеров: Инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беру керек

2.jpg 

Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар күшейе түсті. Облыс әкімдігі инвестициялық белсенділікті арттыруға басымдық беріп, өнеркәсіптік әлеуетті көтеруге бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті мәжілісі ұйымдастырылып, өңір аумағында жүзеге асырылатын ірі жобалардың жай-күйі талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан мен қала әкімдері, салалық басқарма жетекшілері, сондай-ақ шетелдік және отандық компания өкілдері қатысты. Басқосуда алдағы кезеңде іске қосылатын өндіріс орындары, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету мәселелері, инвесторлармен әріптестікті күшейту тетіктері және өңірдегі инвестициялық климаттың жай-күйі қаралды.

Облыс басшысы инвестиция тарту тек қаржы мәселесі емес, жаңа технологиялар мен заманауи өндірісті дамытуға жол ашатын маңызды құрал екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір өндірістік жоба өңірдегі экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да ықпал етуі тиіс.

«Әрбір аудан, қала әкімі мен жауапты басқарма басшылары инвестиция тарту жұмыстарына басымдық берулері керек. Бүгінгі мәжілісте мәселелер ашық айтылып, тиісті шешімдер қабылданады. Біз әрбір жобаның іске асырылу барысын мұқият қадағалап, туындайтын мәселелерді шешуге қолдау көрсетеміз. Сіздердің жобалырыңыз іске асып, облысымыздың экономикасының дамуына драйвері болады деп сенеміз», – деді Нұралхан Көшеров.

Штаб отырысында таныстырылған бастамалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта іске асырылатын жобалардың бірі полимерлік және суару жүйелеріне қажетті өнімдер өндірісіне арналмақ. Атап айтқанда, ПВХ құбырларына арналған арматуралар, су үнемдеу технологияларында қолданылатын ленталар, тамшылатып суару жүйелеріне арналған жабдықтар мен тоқылған су шлангтерін шығаратын өндіріс желісі құрылмақ. Бұл ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға және импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Сауран ауданындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылатын жобалар да өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған. Қытайлық «BOSHIRAN XINJIANG» компаниясы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру және өндіру ісін қолға алуды жоспарлап отыр. Аталған кәсіпорын іске қосылған жағдайда өңірдегі аграрлық сектор заманауи техникамен қамтылып қана қоймай, қосалқы бөлшектер өндірісі мен сервистік қызмет көрсету жүйесі де дамиды деп күтілуде.

Сонымен қатар «Lihua Group» компаниясы карбамид тыңайтқыштары мен мақта майын өндіретін зауыт салуға ниетті. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған ірі бастамалардың бірі саналады. Тыңайтқыш өндірісі агросектордағы өнімділікті арттыруға ықпал етсе, мақта майын шығару кәсіпорны өңірдегі мақта кластерін дамытуға серпін береді.

Инвестициялық штаб отырысында инновациялық бағыттағы жобаларға да ерекше назар аударылды. Соның бірі – «BAKS Innovations Inc. - CAESG Platform» компаниясының биомассаны терең өңдеу және көміртегін байланыстыруға арналған кешені. Бұл бастама экологиялық технологияларды енгізу, жасыл экономиканы дамыту және баламалы өндіріс көздерін қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам ретінде бағалануда.

Өңірде электр техникалық өнімдер өндірісін дамыту бойынша да нақты жобалар қолға алынуда. «Yassy Energy» серіктестігі трансформаторларға қажетті гофрленген қабырғалар, қақпақтар және магнитөткізгіштер шығаратын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Сарапшылар мұндай өндірістердің іске қосылуы ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыратынын айтады.

Жиын барысында өндіріс орындарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері жеке қаралды. Инвесторлар тарапынан көтерілген электр қуаты, газ, су және жол мәселелері бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді. Облыс әкімдігі жаңа жобаларды сүйемелдеу барысында бюрократиялық кедергілерді азайтып, инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға мүдделі екенін жеткізді.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе Сарыағаш ауданы мен Арыс қаласында жүргізіліп жатқан инвестициялық жұмыстарға арналды. Аталған өңірлерде өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика және қызмет көрсету салалары бойынша бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздер, жаңа кәсіпорындарды орналастыру және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде есеп берді.

Түркістан облысы соңғы жылдары республикадағы инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,7 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 121,6 пайызды құраған. Нәтижесінде жалпы құны 340 миллиард теңгеден асатын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Биыл да өңірде осы қарқынды сақтау көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес облысқа тағы 1,7 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, жалпы құны 369 миллиард теңгені құрайтын 67 жобаны жүзеге асыру межеленген. Бұл жобалар негізінен өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіп кешені, баламалы энергетика және өңдеу секторына бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, Түркістан облысында қалыптасып жатқан өндірістік экожүйе алдағы жылдары оңтүстік өңірдің экономикалық құрылымын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Әсіресе арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа технологиялар тарту, экспортқа бағытталған өндірістер ашу және шағын кәсіпорындарды ірі өндірістік тізбекке қосу жұмыстары жандануда.

Биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 125,2 пайызға жетіп, Түркістан облысы республика көлемінде көш бастады. Бұл көрсеткіш өндіріс көлемінің ұлғаюы, құрылыс қарқынының артуы, инвестиция ағынының көбеюі және өңдеу өнеркәсібіндегі белсенділікпен тікелей байланысты.

Алдағы кезеңге арналған инвестициялық жобалар пулы да айқындалған. 2026-2029 жылдары жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын 122 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалардың нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 100 миллиард теңге көлемінде салық түседі деп күтілуде.

Өңір басшылығы алдағы бес жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге дейін ұлғайтып, өзіндік кірістерді 2,3 есеге арттыруды мақсат етіп отыр. Осы арқылы Түркістан облысын өндірісі қуатты, инвестиция тарту мүмкіндігі жоғары, экспорттық әлеуеті мықты әрі халықтың тұрмыс сапасы тұрақты жақсаратын аймаққа айналдыру көзделген. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, барлық инвестициялық жобалардың орындалу барысы тұрақты бақылауда тұр.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістанның өндірістік әлеуеті елордада таныстырылды
  • Ордабасы: Мал сүйегін өңдейтін зауыт салынып жатыр
  • Түркістан экономикада көш бастап тұр
  • Нұралхан Көшеров: Инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беру керек
  • Түркістан: Отандық өнім өндірушілерді қолдау жалғасуда
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер