Төлеби ауданында туристер жиі келетін жердің бірі – Сайрам-Өгем ұлттық мемлекеттік табиғи паркі. Мұнда келушілер үшін жаңа туристік бағыттар ашылған. Адамдар сұлу табиғатты өз көзімен көру үшін келеді. Қиындықтарға қарамайды. Күрделі, соқпақты жолдарды жүріп өтеді.
«Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне аумағының 11,7 % немесе 17519 га жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілді. Жер пайдаланушылар есебінен парк аумағында 6 демалыс үйі, 1 аңшылар үйі, 2 киіз үй жұмыс атқарады. Төлеби ауданының Қасқасу ауылынан парк аумағына дейін жалпы ұзындығы 11,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ұлттық паркке келуші демалушылар мен туристердің саны жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2019 жылы 32 мыңнан астам адам келсе, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 116 мыңнан асты.
Ұлттық парк аумағында омыртқасыз жануарлардың 11 отрядынан 120 түрі анықталды. Сүт қоректілерден 59 түрі, оның ішінде 10 түрі Қазақстанның Қызыл Кітабына енгізілген бауырымен жорғалаушылардың 12 түрі мен қосмекенділердің 2 түрі, олардың үш түрі Қазақстанның Қызыл Кітабына енгізілген. Құстардың 300 түрі кездеседі оның 28 түрі сирек және жойылып бара жатқан түрге жатады.
Парктің аумағында 102 тұқымдас пен 539 туыстан тұратын 1635 түрлі жоғары сатыдағы өсімдіктері кездеседі. Оның 67 түрі Қазақстанның Қызыл Кітабына кірген қыналардың 25 түрі, саңырауқұлақтардың 3 түрі анықталып отыр.
Сайрам - Өгем МҰТП аумағы мен жақын орналасқан аудандарда жүргізілген 140 жылдық орнитологиялық тексерулер кезеңінде құстардың 300 түрі анықталды. Экспедициялық жұмыс кездесулері уақытында 131 түрі кездесіп, оның ішінде 10-ы ҚР Қызыл кітабына енгізілді. Алуан түрдің көпшілігі Қаржантауда (103 түр), Талас Алатауы (98), Өгем жотасы (92) және Машат –Даубабин тауында (66), Қазығұрт (63), Майданталда (48) белгіленді. Сондай-ақ, соңғы жағдайда бас жағы ғана зерттелгенін ескерген жөн.