Ауданды жасыл желекке айналдыру және ағаштарды көбейту мақсатында суару жұмыстары жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда «Темірлан абаттандыру» комуналдық мемлекеттік мекемесі Темірлан ауылының 13 көшесі, «Байкал», «ПМК», «Ескі мешіт», «Ескі бау», «Черемушка» мөлтек аудандағы абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
Күнделікті ағаштарды және гүлдерді суғару, санитарлық қырқу, ағаш түптерін қопсытып, әктеу, жасыл желектерді ретке келтіру, шөптерін ору жұмыстары атқарылады.
Жасыл желектер ауданның көркіне сән беріп қана қоймай, экологиялық жағдайды да айтарлықтай жақсартатыны сөзсіз.
Жалпы жыл басынан бері аудан орталығына 27466 тал көшеті және 31000 түп гүл отырғызылды.
Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы Дастанов пен Сатыбалды көшесі қилысы Ордабасы ауданына бекітіліп берілген. Ондағы жерді тегістеп дайындау үшін 218 куб топырақ, 18 куб құм, 15 куб тыңайтқыш (көң) төселіп, айналасына абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Суару үшін арнайы су сақтайтын құрылғыны жерге қазып орнатып, орталық су жүйесіне жалғанды. Демалыс орны мен көше бойына отырғызылған көшеттерге тамшылатып және шашып суару үшін қондырғылар орнатылып, электр насосымен су берілуде.
Бүгінде мекемеден 36 жұмысшы, 1- Газ 33-098 самосвал, 1-Камаз самосвал, 1-Беларус тракторы бөлінді. Ал тамшылатып суғару жүйелері орнатылмаған көшелерді Газ 33-09 вакуумдық машинасымен және 1-Камаз техникасы арқылы көшелерді жууға, талдарды суғаруға пайдалануда. (2 жұмысшы күнделікті таңғы сағат 06.00-ден 12.00-дейін және кешкі сағат 18.00-ден 22.00-дейін аралықта талдарды суаруда).