Кәсіптік бағдар беру - табысты болашаққа маңызды қадам

image.png   

Әлемде талай мамандық бар. Заман ағымына сай бүгінде жүздеген мамандық келмеске кеткенімен, керісінше сұраныстың артуына байланысты жүздеген жаңа мамандық пайда болуда. Ия, ақпараттық саланың дамуы, жаңа технологиялардың пайда болуы – жаңа мамандықтарды тудырды. Әйтсе де қанша заман өзгеріп, ғалам дамыса да сұраныстан бүгінге дейін түспеген мамандықтар бар. Құрылысшы, аспаз, тігінші, шаштараз, механик, слесарь, электрик, мұғалім, мейірбике, тазалықшы, кітапханашы, теміржолшы, агроном, зоотехник сынды жұмысшы мамандықтар қай дәуірде де қоғамға аса қажетті мамандық иелері.   Себебі жұмысшы мамандар – экономиканың қозғаушы күші, қоғамның тірегі саналады. Еліміз Тәуелсіздік алып, дамудың даңғыл жолына түскен жылдары кәсіптік мамандықтарға жастардың қызығушылығы төмендегені жасырын емес. Бір кездері іші студенттерге толған кешегі техникум, училищелер, бүгінгі колледждер қаңырап, шәкірттерге зәру болған жағдайлар да кездесті. Мектеп түлектері заңгер, экономист, есепші, қаржыгер сынды мамандықтарға көптеп бүйректері бұра бастады. Нәтижесінде аталған мамандықты тәмамдаған түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші төмендеді. Есесіне, елімізде жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың арта түскендігі байқалды. Өйткені республикада өндіріс орындары, зауыт, фабрикалар  көптеп ашылып, құрылыс қарқын алды. Міне, аталған олқылықтың орнын толтыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы»  деп жариялап, аталған  салаға жаңа серпін берді.  Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында:  «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі»,- деген болатын.  Бұл бастама еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті дәріптеп, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған екені айқын. Осыған орай, Шымкент қаласының әкімдігі бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруды қолға алуда.

      Кәсіптік білімді жетілдіру мақсатында Шымкент қаласының арнайы өңірлік жоспары дайындалып, Үкіметтің жеті негізгі бағытына сай шаралар кешені іске асырылуда. Жалпы жоспар 6 бөлімнен және 59 тармақтан тұрады. Оның ішінде жұмысшы мамандықтарды насихаттау, кәсіптік бағдар беру, жұмысшы кадрларды даярлау және жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру сияқты бағыттар қамтылған. Штаб құрамы мен ережесі бекітіліп, әкімдіктің тиісті салалық басқармалары жоспар бойынша жұмыстарын бастап кеткен.

     Мамандарың айтуынша қазіргі таңда  Шымкент қаласында 40 колледжде 49 348 студент сапалы білім алып, өз мамандықтары бойынша құзыреттілік деңгейлерін арттыруда. Оның ішінде 24 127 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда, ал 1429 студент жергілікті кәсіпорындардың сұранысы бойынша дайындалуда. Бұл көрсеткіштер өңірдегі білім беру жүйесінің тиімділігін, сондай-ақ кәсіби маман дайындаудағы жаңа бағыттардың дамуын көрсетеді. 2024-2025 оқу жылында республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 11 500 гранттың 67,5 пайызы  жұмысшы мамандықтарға бағытталған болатын. Бұл жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, 53 талапкер жұмыс берушілердің тапсырысымен оқуға қабылданып, бизнестің есебінен тегін білім алуда.

     Тағы бір көңіл көншіткен жаңалық, 2025 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы өсетін болады. Бакалавриат студенттері 52 372 теңге, ал педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқып жатқан студенттер 84 000 теңгеге дейін шәкіртақы алатын болады. Магистранттардың шәкіртақысы 117 098 теңгеге, докторанттардікі 262 500 теңгеге дейін артпақ. Әлеуметтік осал топтар үшін де шәкіртақы мөлшері едәуір ұлғайтылады. Жетім балалардың шәкіртақысы 30 пайызға, мүгедектігі бар студенттердің шәкіртақысы 50 пайызға артады. Бұл шаралар білім алушылардың оқу сапасын жақсартып, олардың әлеуметтік жағдайын жеңілдетуге бағытталған.

     Студенттердің жатақханамен қамтылу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Жоғары оқу орындарының жатақханаларында студенттердің сиымдылығы – 10 009 орынды құрайды. Қазіргі уақытта студенттер үшін жатақханаға тапшылық мәселесі жоқ. Алайда, қаламыздың үлкеюі және халық санының өсуіне байланысты 2025-2029 жылдарға 5 мың орындық жатақхана құрылысын салу жоспарланған дейді сала мамандары. 

      Жұмысшы мамандықтарды дамыту ел экономикасының тұрақты дамуы мен болашақ ұрпақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға маңызды үлес қосары сөзсіз. Шымкент қаласының бұл бағыттағы бастамалары өз нәтижесін беріп, еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті арттыруға серпін беретіні анық.

      Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде елімізде 772 колледж жұмыс істейді. Еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет 9-сынып түлектеріне тегін білім алу мүмкіндігін жасауда. Биыл сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру бойынша тегін оқумен қамтылатын студенттер саны 153 мыңды құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға артты. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика  және басқа да салаларға бағытталатын болады.

        Негізгі басымдық – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім беру мекемелерін заманауи материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз ету, педагогтердің біліктілігін арттыру. Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін трансформациялау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, бұл мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайтуды, білім беру бағдарламаларына үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді, кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізуді қамтиды.  Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға жеткізу жоспарлануда.

     Осы орайда үшінші мегаполисте кәсіптік білім беретін колледжерде студенттердің, сұранысқа ие мамандықтардың санын арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ гранттар саны белгілі болды.  2025–2026 жаңа оқу жылына Шымкенттегі  техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау 25-ші маусымнан басталды. Биылғы жылы қала бюджетінен 8000 оқу гранты бөлініп, 26 колледжге үлестірілді. Атап айтқанда: білім – 855 орын, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 454, әлеуметтік ғылымдар және ақпарат – 90, бизнес, басқару және құқық – 25, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 1365, инженерлік, өңдеу және құрылыс – 3490, ауыл, орман, балық шаруашылығы, ветеринария – 25, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау – 450, қызмет көрсету саласы – 1246 грант бөлініп отыр.  Құжаттар қабылдау екі жолмен жүзеге асады:  тікелей колледждер  және  www.egov.kz порталы арқылы. «Құжаттар қабылданған соң, ақпараттық жүйе автоматты түрде гранттарды үлестіреді. Мемлекеттік тапсырыс иелері тамыз айының соңында жарияланады» дейді мамандар. 

    Айта кетейік, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін интернационалдандыру стратегиясы аясында Қазақстанда кадрларды даярлау сапасын арттыру, және отандық колледждерді жаһандық білім беру кеңестігіне енгізуге бағытталған 10 негізгі халықаралық бастама жүзеге асырылуда. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша бүгінгі таңда Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және Ресей сияқты сегіз елдің серіктестерімен 50-ден астам меморандум жасалды. Халықаралық жобаларға Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан 20-дан астам колледж қатысуда.

      Ең көп келісімдер Қытай Халық Республикасымен жасалған. Ынтымақтастық аясында Қазақстан-Қытай кәсіби колледжі құрылатын болады. Сондай-ақ балалар мен жастарға арналған инновациялық білім беру шешімдерін әзірлеуге маманданған KidsGo Technology Ltd технологиялық компаниясымен әріптестік басталды.

   «Бұл бастамалар – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жаңғыртудың маңызды қадамы. Олар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық білім беру технологияларын енгізуге және қазақстандық түлектердің жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Асет Мұханбетов.

      Таяуда  қала әкімдігінің ғимаратында, қала әкімінің 2025 жылғы 14 шілдедегі №39-өкіміне сәйкес құрылған комиссияның отырысы өткен болатын. Комиссия 2025–2026 оқу жылына арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру кадрларын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мәселесін қарады.

   Еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, салалық басқармалардан түскен ұсыныстар негізінде 46 білім беру бағдарламасы бойынша жалпы 542 орынға кадр қажеттілігі айқындалды. Бұл жұмыстар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелеріне мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына сай жүзеге асуда.

     Айта кетейік, бюджеттік өтінімге сәйкес, 2025 жылы әкімдік гранты шеңберінде 285 орынға қаржыландыру қарастырылған.

     Қазіргі заманда білім беру мен өндіріс арасындағы өзара серіктестік — елдің кадрлық әлеуетін қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы тығыз байланыс нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

    Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Колледждер мен шефтік кәсіпорындар арасындағы әріптестік кадрлар даярлау ісінің сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал етуде.

    Шымкент қаласы бойынша шефтік қамқорлыққа алынған 29 колледж бар, оның ішінде: 11 мемлекеттік, 18 жекеменшік колледж. Оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде жаңартылып, өндірістік тәжірибе мен дуалды оқыту тетіктері кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, қаладағы 29 колледж 187 кәсіпорынмен тұрақты серіктестік орнатқан. Оның ішінде: 46 – ірі кәсіпорын, 107 – орта бизнес субъектісі, 34 – шағын бизнес субъектісі.

  Сонымен қатар, 2649 студент 22 колледжде 152 жұмыс берушімен бірлескен мақсатты кадрлар даярлау жобасы аясында білім алуда. Бұл жоба студенттерге тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік ортада кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беруде.

  Осындай форматтағы тығыз ынтымақтастық оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болып, жұмыспен қамтылу мүмкіндігін айтарлықтай арттыруға ықпал етіп отыр.

  Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін 76 мамандық пен 99 біліктілік бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысына алуға 29 колледж 11 814 орынға өтінім берген болатын.

  Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Аяқ киімді жеке тапсырыспен тігу және жөндеу шебері», «Ортопедиялық аяқ киімді тігу және жөндеу шебері», сондай-ақ «Киім дизайны» бағыты бойынша «Техникалық және көркем эскиздер орындаушысы», «Киім мен аксессуарлардың декораторы» сияқты мамандықтары бойынша жаңадан лицензия алынды. Мақсат – сұранысқа ие бағыттар бойынша білікті кадр дайындау. Комиссия жұмысындағы ерекшелік те – грант бөлуде жұмысшы мамандықтарға баса мән берілуі.

    2025 жылғы 1-ші  қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаятынын айта кетейік. Жақында мемлекет колледждерді қаржыландырудың жаңа нормативін қабылдады. Қазіргі уақытта бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, келесі оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге жеткен колледждер үшін ол 2 еседен артыққа өсіп, орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады.   Дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы негізінде мамандар даярлау үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды белсенді түрде тарту жоспарлануда.

  Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда, кәсіптік стандарттардың, МЖМБС және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын дайындайды, сондай-ақ өндірістік базада 1,5 мың педагогтің тағылымдамадан өтуі жоспарлануда.

 Колледждердің білім беру бағдарламаларын жақсарту мақсатында, Шымқаладағы 16 колледжде құзыреттілік орталықтары құрылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл орталықтар студенттерді әлемдік стандарттарға сай оқытуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, алғаш рет 3 колледж – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі, Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі, сондай-ақ Индустриалды-техникалық колледж Францияның аккредиттеу агенттігінде халықаралық аккредитация рәсімінен өтуде. Бұл халықаралық аккредитация колледждердің білім беру деңгейін жоғары сапаға көтеруге септігін тигізеді.

Қазіргі уақытта дуальды оқыту жүйесі аясында 165 кәсіпорын 25 колледжбен тығыз байланыс орнатқан. Осы шеңберде 42 кәсіпорын 25 колледжді қамқорлыққа алған, ал 26 педагог кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтіп, тәжірибелік білімдерін арттыруда. Дуальды оқыту жүйесі студенттердің тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік жағдайларда тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

Шымкент колледждерінің WorldSkills чемпионатындағы жетістіктері де назар аударуға тұрарлық. Қала колледждері өз позицияларын тұрақты түрде жақсартып келеді, және биыл Францияда өтетін халықаралық чемпионатқа 2 студент жолдама алды. Бұл жетістік аймақтың кәсіби білім беру сапасының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

Өңірлік кластерлерді қалыптастыру және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, колледждерді бейіндеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап колледж студенттерінің стипендиясының мөлшері 50%-ға ұлғайтылады. Бұл студенттердің білім алуға деген ынтасын арттыруға септігін тигізері анық.

Тағы бір жаңашылдық – колледждерге өз өнімдерін және жұмыс берушілерден түскен қаражаттарды сату арқылы кірістерді иемдену мүмкіндігі беріледі. Бұл қаржыландырудың икемді моделі колледждердің дербестігін арттырып, өз ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 341 білім беру бағдарламалары Тізілімге енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап колледждер Тізілімге енген мамандықтарды оқытуға толық мүмкіндік алады.

Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің осындай жетістіктері қаланың әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосары сөзсіз.

 Президент өз сөзінде балаларды, жастарды кәсіптік білімге қызығушылықтарын арттыру, жұмысшы мамандықтарға баулу керектігін атап өткен болатын. Бұл бағытта Шымкентте тың жобалар қолға алынды. Нақтырақ айтқанда оқушыларға арналған ауқымды жазғы кәсіптік бағдарлау жобалары іске қосылды. 26 мамырдан 9–10-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылған «EduCampShym» жобасы өз жұмысын бастаған болатын.  Ол   маусым айының соңына  дейін жалғасты.

Бұл – қаладағы 9 жоғары оқу орнының базасында жүзеге асып жатқан, білім мен кәсіпке бағыт беруді көздейтін ерекше жоба. Ал 7–8-сынып оқушылары үшін «PROF START» бағдарламасы қолға алынып, оған 33 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы қатысуда. Аталған жобалар балалардың жазғы уақытын пайдалы өткізіп қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға да септігін тигізеді.

– Жазғы лагерьлердің әр күні нақты бір бағытқа арналып, балалардың қызығушылығын оятатын танымдық әрі тәжірибелік сабақтармен толықтырылған. Мақсатымыз – баланың демалысын бос өткізбеу. Олар бір мезетте білім алып, нақты мамандықтармен танысып, болашаққа бағыт алады, – дейді Шымкент қаласы Білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бағлан Үмбетбаев.

Оқу лагерьлерінің басты мақсаты – баланың жазғы уақытын тиімді ұйымдастыру ғана емес, оны еңбекке баулу және кәсіби әлеуетін дамыту. Әр жоғары оқу орнында үш ауысымдық жүйеде 10 күндік бағдарлама құрылып, оқушылар нақты мамандықтармен танысу, зертханалық жұмыстар жүргізу, мамандармен сұхбаттасу, жобалар әзірлеу секілді көптеген тәжірибелік сабақтарға қатысты. 

Соның бірі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «EduCampShym» оқу лагері аясында шаралар өтті. 

Мысалы, осы жобаға қатысып жатқан  №15 Д.И.Менделеев атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Салтанат Шамшидиннің айтуы бойынша мұнда болашақ мамандықтар туралы кеңінен мәлімет беріліп, түрлі шеберлік сабақтар ұйымдастырылған.  «Бұл жоба – біз үшін үлкен мүмкіндік болды, – дейді ол. Ал қаладағы М. Өтебаев атындағы Жаңа технологиялар және Техникалық колледж осы жобаға қатысып, 75 оқушыны қабылдады. Іс-шара барысында оқушылар колледждің «Техникалық пәндер» кафедрасына қарасты электрмен қамтамасыз ету, жергілікті магистральдық және желілік құбырларды монтаждау, гидротехникалық құрлыс, гидротехникалық мелиорация, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану мамандықтарымен танысып, жан-жақты ақпарат алды.

Оқушылар еркін пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Сондай-ақ, экскурсия аясында оқушылар заманауи жабдықтардың жұмыс істеу принцптерін көзбен көріп, кәсіби тәжірибеден мол әсер алды. Осылайша, Шымкент жастары үшін жаз – тек демалыс уақыты ғана емес, болашаққа дайындық кезеңі де. 

Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін балалардың да кәсіптік білім алуына мүмкіндік қарастырылған. Мұндай мекеме Сайрам тұрғын алабында орналасқан.  Алғашында балалар үйі болып құрылып, кейіннен көмекші мектеп-интернат қызметіне көшкен  «Сайрам көмекші мектеп-интернатына  2021 жылы колледж статусы берілген болатын. Яғни  орта білімді тәмамдаған әрбір жас мектеп интернаты жанындағы оқу ордасында ағаштан жасалған бұйымдарды құрастырушы және тігінші мамандықтарын меңгеріп шығатын болады. Колледжде қазір 50-ге жуық студент  оқып жүр. Елдегі жалғыз инклюзивті білім беру ордасында білім алып жатқан студенттердің  20-дан астамы  ағаш ұстасы болуды қаласа, қалғаны тігіншілкте оқиды. Академиялық еркіндік берілген колледждің оқу бағдарламасы да өзгерек. 

«Бағдарламаларды жеңілдетіп жазамыз. Және осы бағдардама бойынша сабақ өтеміз. Практикалық сабақтар мен теориялық сабақтарды бірге алып жүреміз. Өйткені студенттер сабақ өту кезінде көп нәрсені тез ұмытып қалады»,- дейді директордың оқу өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Зарифжан Құрбанбаев.  

 Сайрам көмекші мектеп интернатының өзі осыдан 46 жыл бұрын құрылған. Қазір мұнда 300-ге тарта білім алады. Арнайы тәрбие мен оқу бағдарламасы қатар үйретіліп, өмірге бейімделеді. Енді кәсіптік мамандықты игергендер тұрақты жұмысқа орналаса алады. 

«Отандық өнім шығаратын, ағаш өңде цехтары, тігін фабрикаларымен келісімшарт түзіліп жатыр. Еңбек кодексіне сәйкес әрбір жекеменшік, мемлекеттік мекемеде 3 пайыз ерекше азаматтар жұмыспен қамтылу керек деген тармақ бар. Сол заңға сүйене отырып, біз барлық мекеммелермен келісімшарт жасасудамыз»,- дейді    «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледж» арнайы кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің  директоры. 

 Алдағы уақытта ата-ана сұранысы бойынша аспаз, аяқ киім шебері секілді мамандықтар да қосылмақ. Сонымен қатар жаңа салаларға жатқызылған мобилограф, ІТ, технология сынды топтар ашу жоспаланған. 

 Білім көкжиегінде кәсіптік білім беру саласы әрқашан өзектілігін ақтап қалмақ. Тіпті жыл санап оның маңыздылығы арта түсіп, жауапкершілік салмағы көбеюде. Сондықтан жұмысшы мамандықтарды даярлауды жетілдіру, кәсіптік білім иелерін арттыру – еліміздің алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі. Бұл мақсатқа жетуге үшінші мегаполис те аянып қалмасы анық. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мамандығымен мақтанатын машинист
  • Қала тазалығы – қоғам айнасы
  • Волонтерлер мектебі ашылды
  • Жылу сыйлайтын жан
  • Кәсіптік бағдар беру - табысты болашаққа маңызды қадам
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер